Talk:Жазғытұры

From Wikisource
Jump to navigation Jump to search

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің түрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, қүшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Туйе боздап, кой қоздап - қора да шу, Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду. Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.