Jump to content

Әй, достарым!

From Wikisource

Ыбырай Алтынсарин

Әй, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма,
Қолыңнан келсе қыл қайыр,
Кісіден алушы болма.
Жақсының жүзі жәндетті[1],
Бір көруің қаныбетті,
Жаманның ісі міндетті,
Зар берсе[2] алушы болма!
Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасыңа!
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа.
Күндердің күні болғанда,
Ол жаман айғақ болар басыңа!
Бар күшіңді сынаспай,
Балуандармен күреспе.
Таң боларсың әлемге.
Сөз боласың көлемге.
Ақылсыз достан — ақылды дұшпан артық,
Дұшпаныңнан бір сақтан!
Сырты майда, іші қан,
Ел ішіне жар-жора,
Достарыңнан бір сақтанғанда, мың сақтан!

  1. Жәндетті — ажарлы деген мағынада
  2. Зар берсе — жалынса деген мағынада