Қасқыр мен мысық
Ахмет Байтұрсынұлы
Орманнан Қасқыр келді елге қашып,
Алақтап, не қыларын білмей сасып.
Соңынан бір топ аңшы қиқу салып,
Ит қосып келе жатыр шапқыласып.
Жалынып Қасқыр сонда Мысыққа айтты,
Шетінде бір ауылдың ұшырасып:
«Мысықжан! Бұл жердегі жұрттар қандай?
Жау қуып келе жатыр арттан қалмай.
Ит үрген, қиқу салған адамдардың
Дауысын естимісің тартқан керней?
Айта көр, қайырымды ер бар болса
Тасалап мені жаудан құтқарғандай!».
«Бара көр, - Мысық айтты, - Қоянкөзге,
Жігіт кем ер көңілді одан өзге.
Адамды анау-мынау тоқтатарлық
Өзінің ебі де бар сөйлер сөзге».
«Оны қой, - Қасқыр айтты, - ол жасырмас,
Жеп едім бір ту қойын өткен күзде».
«Бара көр, олай болса, Құрамысқа,
Адам жоқ жасыруға онан ұста.
Шамасыз өзі асқан жақсы жігіт,
Жалғыз-ақ тоны келте, қолы қысқа».
«Мысықжан, оны да қой, өзгесін айт,
Жеп едім бір лағын былтыр қыста».
«Иесі анау үйдің Көпберген бай,
Жақсылық, жамандықты көп көрген бай.
Қонақжай, өзі асқан дәулетті адам,
Жатсаң да, ауырламас, бірнеше ай».
«Баруға, - Қасқыр айтты, - жүрексінем,
Оның да қозыларын жеп ем талай».
«Білмеймін сілтерімді енді қайда!
Барып көр Қисықбасқа анау сайда.
Болғанмен басы қисық, өнері көп,
Әр түрлі табылады онан айла».
«Мысықжан, оны да айтып әуре болма,
Жеп едім бір бұзауын өткен айда».
«Мен қайран, - Мысық айтты, - істеріңе!
Залалдан басқа нәрсе істедің бе?
Байдың көбі, жарлының жалғызы да
Тиіпті, тыңдап тұрсам, тістеріңе.
Зараргер жұртқа тегіс болып әбден,
Енді не іздеп келдің іштеріне?!
Жынды жоқ сені аман құтылдырып,
Алғандай бәле тілеп үстеріне.
«Не ексең, соны орарсың» деген сөз бар,
Ор енді егініңді піскенінде!».