Jump to content

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы

From Wikisource

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы

I. Жалпы бөлiм

[edit]

1-тарау. Жалпы ережелер

[edit]

1-бап. Осы Конституциялық заң реттейтiн қатынастар

[edit]

Осы Конституциялық заң Республика Президентiнiң, Парламентiнiң Сенаты мен Мәжiлiсi, мәслихаттары депутаттарының және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын әзiрлеу мен өткiзу кезiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi, сондай-ақ Республика азаматтарының ерiк бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн кепiлдiктердi белгiлейдi.

2-бап. Сайлау бостандығы

[edit]

Республикадағы сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi.

3-бап. Сайлау құқығы принциптерi

[edit]

1. Республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.

2. Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.

3. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.

4-бап. Жалпыға бiрдей сайлау құқығы

[edit]

1. Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы - Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы.

2. Бәсең сайлау құқығы - Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихатының депутаты немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органына мүше болып сайлану құқығы.

3. Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

4. Мыналар:

  • 1) сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • 2) сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат бола алмайды.

5-бап. Тең сайлау құқығы

[edit]

1. Сайлаушылар Республика Президентi, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламенті Мәжілісінің депутаттары және мәслихаттарының депутаттары сайлауына тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының бiр сайлау бюллетенiне тиiсiнше бiр дауысы болады.

2. Сайлаушылар Республиканың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының тең дауыс саны болады.

3. Кандидаттардың сайлауға тең құқықтармен және шарттармен қатысуына кепiлдiк берiледi.

6-бап. Төте сайлау құқығы

[edit]

Республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін азаматтар тiкелей сайлайды.

7-бап. Жанама сайлау құқығы

[edit]

1. Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға таңдаушылар - мәслихаттардың депутаты болып табылатын Республика азаматтары қатысады.

2. Таңдаушылар Сенат депутаттарын сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының Сенат депутатын сайлаған кезде бiр дауысы болады.

8-бап. Жасырын дауыс беру

[edit]

Республика Президентiн, Парламентiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi.

9-бап. Сайлау жүйелерi

[edit]

1. Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезінде дауыс санаудың мынадай жүйесі қолданылады:

  • 1) алып тасталды [1];
  • 2) мыналар:
  • - дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) елу процентiнен астамының дауысын алған;
  • - қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) дауыс санының көпшiлiгiн алған.

1-1. Саяси партиялардан Парламент Мәжілісінің депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланады.

2. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн алған кандидат сайланған болып саналады.

3. Өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезiнде дауыс санаудың мынадай жүйесi қолданылады:

  • 1) алып тасталды [2];
  • 2) басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшiлiгi жақтап дауыс берген кандидаттар сайланған болып саналады.

2-тарау. Сайлау органдары

[edit]

10-бап. Сайлау органдары, олардың жүйесi мен өкiлеттiктерiнiң мерзiмi

[edit]

1. Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады. 2. Сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн мыналар құрайды:

  • 1) Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;
  • 2) аумақтық сайлау комиссиялары;
  • 3) округтiк сайлау комиссиялары;
  • 4) учаскелiк сайлау комиссиялары.

3. Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi - бес жыл.

Аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларын саяси партиялардың ұсыныстары негiзiнде тиiстi мәслихаттар сайлайды.

Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшесi болып табылмайтын кандидатура ұсынуға құқылы.

Мәслихат белгiлеген, сайлау комиссияларын құру мерзiмiне дейiн бiр айдан кем болмауға тиiс мерзiмде саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бiрлестiктердiң және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.

Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылған адамдар оның жұмысына қатысуға келісетіні туралы өтiнiштерiн қоса бередi. Сайлау комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының алғашқы отырысында сайланады.

Сайлау комиссияларының жаңа құрамын құру сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi аяқталардан кемінде екi ай бұрын басталады және өкілеттiк мерзiмiнің бiтуіне кемiнде үш күн қалғанда аяқталады.

Сайлау комиссияларын құратын органдар сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi iшiнде олардың құрамына өзгерiстер енгiзуге құқылы.

4. Сайлау комиссияларын құру туралы шешiм, олардың құрамы мен орналасқан жерi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.

5. Сайлау комиссияларының өз құзыретiнiң шегiнде қабылдаған шешiмдерi тиiстi аумақтағы барлық мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарының орындауы үшiн мiндеттi.

6. Сайлау комиссиялары өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға жол берілмейді.

7. Сайлау комиссиясының қызметi сайлау комиссиясын құратын органның шешiмi бойынша немесе жоғары тұрған сайлау комиссиясы өтінішінің негiзiнде сот шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн.

8. Сайлау комиссиясының мүшесiн, осы Конституциялық заңның 19-бабының 6 және 7-тармақтарында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, өкiлеттiктерiнен айыруға болмайды.

11-бап. Республиканың Орталық сайлау комиссиясы

[edit]

1. Орталық сайлау комиссиясы Республика сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiне басшылық етедi және тұрақты жұмыс iстейтiн орган болып табылады.

2. Орталық сайлау комиссиясы комиссияның Төрағасынан және алты мүшесінен тұрады.

Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары мен хатшысы комиссияның алғашқы отырысында сайланады.

3. Алып тасталды[3].

4. Орталық сайлау комиссиясының өз аппараты болады.

5. Орталық сайлау комиссиясы мен оның аппаратын ұстауға жұмсалатын шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

12-бап. Республиканың орталық сайлау комиссиясының өкiлеттiктерi

[edit]

Орталық сайлау комиссиясы:

  • 1) Республиканың аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады; олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi; өзiнiң құзыретi шегiнде бүкiл Республика аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды;
  • 2) Президент пен Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастырады; Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткiзуге басшылық етедi;
    • 2-1) саяси партияларды Парламент Мәжiлiсi депутаттарының партиялық тiзiм бойынша сайланатын бөлiгiне қатыстыру мәселесiн қарайды;
  • 3) алып тасталды [3];
    • 3-1) алып тасталды [4];
  • 4) сайлау науқанын өткiзуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлi сметасын жасап, Республика Үкiметiне ұсынады;
  • 5) Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау комиссияларына басшылықты жүзеге асырады; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және тоқтата тұрады; республикалық бюджеттiң сайлау науқанын өткiзуге арнап бөлiнген қаражатын олардың арасында бөледi; сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдайлар жасалуын бақылайды; аумақтық және округтiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздігіне) түскен арыздар мен шағымдарды қарайды; сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; саяси партиялардың өкiлдерiмен және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде семинарлар өткiзедi, сайлау жүйелерi саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
  • 6) Президенттi сайлау жөнiнде дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысаны мен мәтiнiн, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiнде дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысанын, оларды жасау тәртiбiн, сондай-ақ қорғалу дәрежесiн сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiнiң, Президенттiкке кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинауға және Сенаттың депутаттығына кандидаттарды қолдайтын таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарының, өзге сайлау құжаттарының нысандарын, дауыс беруге арналып, мөлдiр материалдан жасалған жәшiктiң нысанын және сайлау комиссиялары мөрлерiнiң үлгiлерiн, сайлау құжаттарын сақтау тәртiбiн, сондай-ақ қорғалу дәрежесiн белгiлейдi; Президенттi және Парламенттің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау бюллетеньдерiн дайындауды қамтамасыз етедi;
    • 6-1) дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін жасауды ұйымдастырады, оларды беру және есепке алу тәртібін айқындайды;
  • 7) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есебiн, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы;
  • 8) Республика Президенттiгiне кандидаттарды тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi, кандидаттарды тiркеу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;
  • 9) Президенттi және Парламент депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау алдындағы науқанның барысы туралы сайлаушыларды хабарландырып отырады, мерзiм-мерзім ақпарат бюллетенін шығарады;
  • 10) Республика бойынша тұтас алғанда Президенттi және Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарады, сайланған Президенттi және Парламенттiң депутаттарын тiркейдi, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;
  • 11) Президент сайлауы кезiнде қайта дауыс беру мен қайта сайлауды тағайындайды және өткiзiлуiн ұйымдастырады;
  • 12) Парламент депутаттарының қайта сайлауын тағайындайды;
  • 13) шығып қалғандардың орнына Парламент депутаттарының сайлауын тағайындайды;
  • 14) мәслихаттардың кезектi және кезектен тыс сайлауын тағайындайды;
  • 15) мәслихаттар мен өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауды ұйымдастыру мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты және олардың қызметiнің осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады; Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде тиiстi сайлау комиссиясының қызметін тоқтату туралы өтiнiшпен сайлау комиссиясын құратын органға немесе сотқа жүгiнедi;
  • 16) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс халқының мөлшерiне сәйкес олардан сайланатын мәслихаттар депутаттарының санын анықтайды;
    • 16-1) Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсына сайлау заңдары жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi, сайлауды тағайындау мен өткізу туралы, сондай-ақ болып өткен сайлаудағы дауыстарды есептеу нәтижелерi туралы ақпаратты орналастырады;
    • 16-2) Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының бiрыңғай электрондық Тiркеу тізілімін жүргiзедi;
    • 16-3) электрондық сайлау жүйесiн пайдалана отырып сайлау өткiзу кезiнде тиiстi сайлау комиссияларының мүшелеріне оны қолдануды үйретеді;
    • 16-4) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа сайлауда электрондық сайлау жүйесiн пайдалануды үйретудi ұйымдастырады;
  • 17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

13-бап. Аумақтық сайлау комиссиялары

[edit]

1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар және Республика астанасы), аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары аумақтық сайлау комиссиялары болып табылады.

2. Аумақты сайлау комиссиялары:

  • 1) Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ұйымдастыруды және өткiзудi қамтамасыз етедi;
  • 2) жетi адамнан құрылады.

3. Алып тасталды [4].

4. Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарының сайлауы жөнiндегi аумақтық сайлау комиссияларының құрамы сайлау тағайындалғаннан немесе хабарланғаннан кейiн - он күннен, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы жөнiндегi аумақтық комиссиялардың құрамы жетi күннен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

14-бап. Аумақтық сайлау комиссиясының өкiлеттiктерi

[edit]

Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:

  • 1) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады;
  • 2) Президенттi, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi қамтамасыз етедi;
  • 2-1) партиялық тізімдерін ұсынған Президенттікке кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді;
  • 3) төменгi тұрған аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық етедi; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және тоқтата тұрады; республикалық бюджеттiң сайлау науқанын өткiзуге арнап бөлiнген қаражатын олардың арасында бөледi; округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдайлар жасалуын бақылайды; округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгіне) түскен арыздар мен шағымдарды қарайды; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс шегiнде құрылған барлық сайлау комиссияларының Орталық сайлау комиссиясының шешiмдерiн атқаруын ұйымдастырады; осы Конституциялық заңның бұзылуына жол берген сайлау комиссияларының қызметiн тоқтату туралы сайлау комиссиясын құратын органға немесе сотқа жүгiнедi;
  • 4) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша сайлау комиссияларының, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есебiн, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы;
  • 5) Сенат депутаттары сайлауын өткiзудi қамтамасыз етедi: Сенат депутаттығына кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi; бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тiркеу туралы хабарлар жариялайды; дауыс беруге арналған пункттер дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшiктердiң жасалуын қамтамасыз етедi; Сенат депутаттары сайлауындағы дауыс берудiң нәтижелерiн шығарады және дауыс берудiң нәтижелерi шығарылған хаттамаларды Сенат депутаттарын тiркеуi үшiн Орталық сайлау комиссиясына бередi;
  • 6) мәслихаттар депутаттарын сайлау жөнiнде сайлау округтерiн құрады және олардың тiзiмдерiн жариялайды, сайлау комиссияларының орналасқан жерi туралы сайлаушыларға хабарлайды;
  • 6-1) дауыс беруге арналған учаскелердiң бірыңғай нөмiрленуін белгiлейдi;
  • 7) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi сайлау бюллетеньдерiнiң жасалуын қамтамасыз етедi;
  • 8) округтiк сайлау комиссияларынан тиiстi мәслихаттың депутаттығына кандидаттарды тiркеу туралы хаттамаларды алады және округтiк сайлау комиссияларының тiркелген кандидаттардың тiзiмдерiн жариялауын қамтамасыз етедi;
  • 9) мәслихаттар депутаттарын сайлаудың қорытындыларын шығарады, сайланған депутаттарды тiркейдi және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды; Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында жариялау үшiн тиiстi сайлау округтерi мен учаскелерi бойынша дауыстарды санау хаттамаларын Орталық сайлау комиссиясына бередi;
  • 10) қайта дауыс беру, қайта сайлау мен Сенаттың және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау ұйымдастырады;


  • 11) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау, қайта сайлау және шығып қалған мүшелерiнiң орнына сайлау тағайындайды және ұйымдастырады; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында орналасқан мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi округтiк сайлау комиссиясының функциясын орындайды; мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi; жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тiркеу туралы хабарлар жариялайды; мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаудың қорытындысын шығарады; жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында сайлаудың қорытындысы туралы хабар жариялайды;
  • 12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

15-бап. Округтiк сайлау комиссиялары

[edit]

1. Округтiк сайлау комиссиялары сайлау oкругтерiнде мәслихаттардың депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткiзудi қамтамасыз етедi.

2. Округтiк сайлау комиссиясы жетi адамнан құрылады.

3. Округтiк сайлау комиссияларының құрамы сайлау тағайындалғаннан немесе хабарланғаннан кейiн он күннен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

16-бап. Округтiк сайлау комиссиясының өкiлеттiктерi

[edit]

Округтiк сайлау комиссиясы:

  • 1) тиiстi сайлау округiнiң аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуын бақылауды жүзеге асырады;
  • 2) мәслихаттар депутаттарын сайлаудың өткiзiлуiн ұйымдастырады;
  • 3) учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiн ұйымдастырып, үйлестiрiп отырады; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және тоқтата тұрады; учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдай жасалуын бақылайды; учаскелiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздігіне) түскен арыздар мен шағымдарды қарайды; Осы Конституциялық заңның бұзылғаны анықталған кезде сайлау комиссиясының қызметiн тоқтату туралы өтiнiшпен сайлау комиссиясын құратын органға немесе сотқа жүгiнеді;
  • 4) алып тасталды [4];
  • 5) мәслихаттардың депутаттығына ұсынылған кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi, жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тiркеу туралы хабар жариялайды;
  • 6) сайлаушылар тiзiмдерiнiң уақытылы әрi дұрыс жасалып, барша жұрттың танысуына ұсынылуын бақылайды;
  • 7) учаскелiк сайлау комиссияларын сайлау бюллетеньдерiмен қамтамасыз етедi;
  • 8) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша учаскелiк сайлау комиссияларының және округтiң аумағында орналасқан мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есептерiн, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы;
  • 9) учаскелiк сайлау комиссияларынан дауыс берудiң нәтижелерi туралы хаттамаларды алады, солардың негiзiнде округ бойынша сайлау нәтижелерiн анықтайды, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;
  • 10) Алып тасталды - [3];
  • 11) қайта сайлау және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткiзедi;

12) Республика заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

17-бап. Учаскелiк сайлау комиссиялары

[edit]

1. Учаскелiк сайлау комиссиялары тиiстi сайлау учаскелерiнде Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң және мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткiзудi қамтамасыз етедi.

Учаскелік сайлау комиссиялары жетi мүшеден тұратын құрамда құрылады.

2. Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарының сайлауы жөнiндегi учаскелiк сайлау комиссияларының құрамы сайлау тағайындалғаннан немесе хабарланғаннан кейiн - жетi күннен, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi аумақтық комиссиялардың құрамы үш күннен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

18-бап. Учаскелiк сайлау комиссияларының өкiлеттiктерi

[edit]

Учаскелiк сайлау комиссиясы:

  • 1) сайлау учаскесiнде Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң, мәслихаттардың депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi сайлау шараларын жүргiзедi;
  • 2) учаскелiк комиссияның орналасқан жерi туралы сайлаушыларды хабарландырады;
  • 3) тиiстi сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды;
  • 4) азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;
  • 5) сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабарландырады;
  • 6) дауыс беруге арналған үй-жай дайындайды, кабиналар мен жәшiктердiң жасалуын қамтамасыз етедi;
  • 7) сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады;
  • 8) дауыс санауды жүргiзедi және учаскедегi дауыс беру нәтижелерiн анықтайды;
  • 9) дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;
  • 10) Республика заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

19-бап. Сайлау комиссиясы мүшесiнiң мәртебесi

[edit]

1. Сайлау комиссияларының мүшелерi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.

2. Сайлау комиссиялары мүшелерiнiң құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңымен және өзге де заң актiлерiмен айқындалады.

2-1. Мыналар:

  • сотталғандығы заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот iс-әрекетке қабілетсiз немесе iс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды.

3. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, мүшелерi және оның аппаратының қызметкерлерi өз өкiлеттiктерiн кәсіби тұрақты негiзде жүзеге асырады.

Сайлау комиссиясының төрағасы сотта және басқа да мемлекеттік органдарда комиссияның мүддесін бiлдіреді, сондай-ақ ол сайлау комиссиясының мүдделерін бiлдiру жөнiндегi өкілеттiктi тиiстi сенімхат беру арқылы басқа адамдарға беруге құқылы.

4. Сайлау комиссиясының осы баптың 3-тармағында аталмаған мүшелерi сайлау өткiзу кезеңiнде өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмыс берушiнiң ұйғарымы бойынша жұмыстан шығарылмайды не басқа жұмысқа ауыстырылмайды.

5. Сайлау комиссиясының мүшесi:

  • 1) тиiстi сайлау комиссиясының отырыстары туралы, жедел шешiм қабылдауды қажет ететiн жағдайларды қоспағанда, қырық сегiз сағат бұрын хабардар етiледi;
  • 2) сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, тиісті сайлау комиссиясының құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге және олар бойынша дауыс берiлуiн талап етуге құқылы;
  • 3) күн тәртiбiне сәйкес отырыстың басқа қатысушыларына сұрақтар қоюға және оларға мәнi бойынша жауаптар алуға құқылы;
  • 4) өзi құрамында тұрған сайлау комиссиясының құжаттарымен және материалдарымен танысуға, олардың куәландырылған көшiрмелерiн алуға;
  • 5) өзi құрамында тұрған сайлау комиссиясы мүшелерінің төрттен үшiнің даусымен расталған уәкiлеттігі бойынша төменгi тұрған сайлау комиссиясының қызметiн тексерудi жүзеге асыруға құқылы;
  • 6) Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Конституциялық заңының және өзге де заңдарының талаптарын, жалпыжұрт таныған әдеп нормаларын сақтауға мiндеттi;
  • 7) өзiне жүктелген мiндеттердi, сайлау комиссиясының және оның төрағасының, жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға мiндеттi;
  • 8) азаматтардың сайлау құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, шешiмдер қабылдау кезiнде әдiл және тәуелсiз болуға, сондай-ақ кандидаттар мен партиялық тiзiм ұсынған саяси партиялардың қызметiне жария баға беруден аулақ болуға мiндеттi;
  • 9) өзi өкiлi болып табылатын саяси партияның не өзге де қоғамдық бiрлестiктiң шешiмдерiмен байланысты болмайды және олардың мүдделерiн қорғауға құқығы жоқ.

6. Сайлау комиссиясының мүшесi сайлау комиссиясының белгiленген өкілеттiк мерзiмi аяқталғанда, оның қызметi тоқтатылған кезде, сондай-ақ:

  • 1) мiндеттерiн атқарудан босату туралы өз еркiмен өтiнiш берген;
  • 2) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;
  • 3) тиiстi сайлау комиссиясы құрылған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен;
  • 4) соттың оған қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
  • 5) оны iс-әрекетке қабiлетсiз, iс-әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп тануы немесе оны қайтыс болған деп жариялағаны туралы сот шешімi заңды күшiне енген;
  • 6) қайтыс болған жағдайларда сайлау комиссиясын құрған органның шешiмi бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылады.

Аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесі өзін ұсынған саяси партия қызметін тоқтатқан жағдайда өз міндеттерінен босатылады.

Саяси партияны тарату туралы шешімнің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қабылдануы ол ұсынған аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшесінің міндетінен босатылуына негіз болады.

7. Комиссия мүшесi лауазымдық өкiлеттiгiн немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бірнеше мәрте бұзған жағдайда сайлау комиссиясын құратын орган оны лауазымын атқарудан босатады.

8. Жоғары тұрған сайлау комиссиясы сайлау комиссиясын құратын орган осы Конституциялық заңның 10-бабында белгіленген тәртіппен сайлау комиссиясының мүшесін сайлағанға дейін шығып қалған комиссия мүшесінің орнына сайлау комиссиясының мүшесін тағайындайды.

9. Сайлау комиссиясы бiр ұйымның қызметкерлерiнен тұрмауға тиiс.

10. Сайлау комиссиясының мүшесi тиiстi комиссия орналасқан әкiмшілік-аумақтық бiрлiк аумағында тұруға тиiс.

20-бап. Сайлау комиссияларының қызметiн ұйымдастыру және олардың әрекеттерiне шағым жасау. Сайлау комиссияларының қызметіндегі жариялылық

[edit]

1. Сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады.

2. Алғашқы отырыстарды:

  • 1) Орталық сайлау комиссиясының отырысын комиссияның төрағасы комиссия сайланғаннан кейін он төрт күннің ішінде шақырады;
  • 2) төменгі тұрған сайлау комиссияларының отырыстарын тиісті жоғары тұрған комиссиялардың төрағалары олар құрылғаннан кейінгі жеті күн мерзімнен кешіктірмей шақырады.

3. Сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңінде комиссиялардың отырыстары кемінде екі аптада бір рет өткізіледі. Өзге уақытта комиссиялар өздерінің отырыстарын қажетіне қарай комиссия төрағасының немесе мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамашылығымен өткізеді.

4. Егер сайлау комиссияларының отырыстарына комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, олар заңды болады.

5. Комиссиялардың шешімдері, осы Конституциялық заңда белгіленгеннен өзге жағдайларды қоспағанда, олардың мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Сайлау комиссиясының оның шешімімен келіспейтін мүшелері ерекше пікірін айтуға құқылы, ол дереу жоғары тұрған сайлау комиссиясының назарына жеткізіледі және комиссия отырысының хаттамасына жазбаша нысанда тіркеледі.

6. Сайлау комиссиялары жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде орналастырылатын, ал осы Конституциялық заңда көзделген 0жағдайларда өзгедей жолмен жариялауға жататын өз шешімдерімен барлық адамдардың еркін танысуы үшін жағдай жасайды.

Сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау және өткізу кезеңіне кеңесші дауыс құқығын бере отырып өз өкілін тиісті сайлау комиссиясына жіберуге құқылы.

Саяси партияның кеңесші дауыс құқығы бар өкілі сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, сайлау комиссиясының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы, сайлау комиссиясының әрекетіне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасауға құқылы.

7. Сайлау комиссиясының отырыстарына кандидаттар, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

Депутаттыққа кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өздеріне қатысты мәселелер қаралатын кезде тиісті сайлау комиссияларының отырыстары мен күн тәртібі туралы алдын ала хабардар етіледі.

Сайлау комиссиясының үй-жайында сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

8. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан бір-бір байқаушыдан және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы.

9. Егер осы Конституциялық заңда шағым жасаудың өзге мерзімдері белгіленбесе, сайлау комиссиясының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер өткеннен соң сайлау комиссиясының шешіміне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қарауға жатпайды.

Өтініштер сайлау комиссиясы мен сотта бір мезгілде қаралған кезде сайлау комиссиясы сот шешімі күшіне енгенге дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады. Сот түскен өтініш туралы және оны қарау нәтижелері бойынша сот шешімінің заңды күшіне енгені жөнінде сайлау комиссиясын хабардар етеді.

10. Мемлекеттік органдар, ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары сайлау комиссияларына өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуге, оларға қажетті мәліметтер мен материалдар беруге, сайлау комиссияларының өтініштеріне - үш күн мерзім ішінде, ал сайлау күні және оның қарсаңындағы күні дереу жауап қайтаруға міндетті.

11. Аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңіне өздерінің қалауымен комиссияның шешімі бойынша сайлауды өткізуге бөлінген қаражаттың есебінен ақы төлене отырып, өндірістік немесе қызметтік міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін.

Сайлау комиссияларының мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде өздерінің негізгі жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Сайлау комиссияларының өзге мүшелеріне осы кезеңде сайлау өткізуге бөлінген қаражат есебінен кемінде ең төменгі үш жалақы мөлшерінде жалақы белгіленеді.

Сайлау комиссиялары мүшелерінің, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына, түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеу сайлау өткізуге бөлінген қаражаттың есебінен жүзеге асырылады.

12. Мыналар:

  • 1) Парламент, мәслихаттар депутаттары, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері;
  • 2) Президенттікке, Парламенттің, мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері, сондай-ақ кандидаттардың сенім білдірген адамдары;
  • 3) мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адамдар;


  • 4) Қазақстан Республикасы соттарының судьялары сайлау комиссияларының мүшелері бола алмайды.

Кандидаттардың жұбайы (зайыбы) мен жақын туыстары, сондай-ақ кандидаттарға тікелей бағынышты адамдар осы кандидат қатысатын сайлау округінде сайлауды тікелей ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ететін сайлау комиссияларының құрамында бола алмайды.

Осы тармақтың екінші тармақшасында аталған адамдар тиісті кандидат тіркелген күннен бастап сайлау комиссиясының мүшесі міндетінен босатылады.

20-1-бап. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары

[edit]

1. Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіліп, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін көрсетіледі.

2. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары:

  • 1) сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;
  • 2) дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;
  • 3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға;
  • 4) тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға;
  • 5) сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға;
  • 6) тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;
  • 7) сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға;
  • 8) учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға;
  • 9) дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;
  • 10) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға;
  • 11) дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға;
  • 12) сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.

3. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары:

  • 1) олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге;
  • 2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға;
  • 3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;
  • 4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;
  • 5) өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге;
  • 6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға;
  • 7) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге міндетті.

4. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.

20-2-бап. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері

[edit]

1. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысуға шақыруды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Сыртқы істер министрі жібере алады.

Шақыру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіледі.

Шақыруда миссия саны мен құрамына, сондай-ақ миссияда гендерлік балансты, елдік өкілдікті қамтамасыз етуге қатысты тілектер қамтылуы мүмкін.

2. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледі.

Аккредиттеу үшін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне өз байқаушыларының, өкілдерінің тізімін ұсынады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылмайтын жеке тұлғалар аккредиттеуге жатпайды.

Қазақстан Республикасында саяси, экономикалық немесе басқа мүдделері бар не Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттің заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзғаны үшін олардың аккредиттелуі кері қайтарып алынған (күші жойылған) не аккредиттеуге өтінім бергенге дейінгі бес жыл ішінде қылмыстық іс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңінде заңсыз қызмет жасауда кінәлі деп танылған адамдар аккредиттелмейді.

3. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.

4. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болып табылатын, Орталық сайлау комиссиясы белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күнінен бес күн бұрын аяқталады.

5. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өз мәртебесін Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысы жоқ қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға құқығы жоқ.

6. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің:

  • 1) сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға;
  • 2) сайлау комиссияларында сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға;
  • 3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскелеріне кіруге;
  • 4) сайлау процесіне қатысушылармен кездесуге;
  • 5) өздерінің байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуге, ұсынымдар енгізуге;
  • 6) жария мәлімдемелер жасауға;
  • 7) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға құқығы бар.

7. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері:

  • 1) жеке басын және аккредиттелгенін куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруге;
  • 2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдер қабылдау рәсіміне араласпауға;
  • 3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;
  • 4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;
  • 5) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге;
  • 6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.

8. Осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алуға құқылы.

9. Байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізуге құқылы.

3-тарау. Сайлау округтерi мен учаскелерi

[edit]

21-бап. Сайлау округтерi мен олардың жүйесi

[edit]

1. Қазақстан Республикасында мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде аумақтық сайлау округтерiнiң жүйесi құрылып, пайдаланылады.

2. Сайлау округтерi Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi және сайлаушылардың мөлшермен бiрдей саны болуы ескерiлiп құрылады. Бұл ретте облыс шегiндегi, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасындағы, аудандық, қалалық сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмасы осы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегі әрбiр депутаттық мандатқа сайлаушылардың орташа санының он бес процентінен аспауға тиiс.

3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады.

4. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар сақталып, бiр мандаттық аумақтық сайлау округтерi құрылады.

5. Өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.

22-бап. Сайлау округтерiн құру және олардың шекараларын қайта қарау

[edit]

1. Сайлау округтерiн аумақтық сайлау комиссиялары құрады.

2. Сайлау округтерiнiң тiзiмiн, олардың шекараларын және округтiк сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн көрсетiп, сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей тиiстi сайлау комиссиялары тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

3. Сайлау округтерiнiң тiзiмiне өзгерiстер енгiзудi, олардың шекаралары мен сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн анықтауды тиiстi сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

23-бап. Сайлау учаскелерiн құру

[edit]

1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткiзу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң сайлау комиссияларымен келiсiлген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.

2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:

  • 1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;
  • 2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.
  • 3) [4]

3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады. Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.

4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Тиiстi әкiмдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін жетi күн мерзiм iшiнде, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын өткiзген кезде үш күн мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларды әрбiр сайлау учаскесiнiң шекарасы жөнiнде хабардар етедi.

4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi

[edit]

24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi және оларды жасау тәртiбi

[edit]

1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.

2. [4]

3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.

4. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (18 жастағылар үшiн - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi. Таңдаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады және тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауы әрi оның тұрғылықты мекен-жайын қамтиды.

5. Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган халықты есепке алуды жүзеге асыратын органдар ұсынған мәліметтердің негізінде жасайды.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмайтыны белгiлi болса, оның өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқығы бар.

Осы тармаққа сәйкес азамат өтiнiш жасаған кезде жергілiктi атқарушы орган азаматты тiркелу орны бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығаруды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.

Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылардың тiзiмiне тиiстi әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын тиiстi сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырылады.

Басқа құзыреттi органдар мен ұйымдардың деректерiмен алдын ала салыстырылған сайлаушылар туралы мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы орган әр жылдың 1 шiлдесiне және 1 қаңтарына электрондық жеткiзушi арқылы және қағазға түсiрiлген күйiнде тиiстi аумақтық сайлау комиссияларына тапсырады.

Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясына тапсырылған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң дұрыстығы үшiн жауапты болады.

6. Жатақханаларда тұратын күндiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлаушылар тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.

7. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.

8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.

Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерi жанынан, Қазақстан Республикасының иелiгіндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тізімдері дауыс берiлетiн күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.

9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.

10. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне өзгерістер енгізуге тыйым салынады.

25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне енгiзу

[edit]

1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:

  • 1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
  • 2) тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелген азаматтар;
  • 3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;
  • 4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
  • 5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.

2. Таңдаушылар тiзiмiне:

  • 1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;
  • 2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.

3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.

26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен таныстыру

[edit]

1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.

Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерінiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.

2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен сайлауға дейiн кемiнде жетi күн бұрын ұсынылады.

3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.

Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.

4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - арыз келіп түскен күні қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.

5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт

[edit]

27-бап. Сайлау алдындағы үгiт

[edit]

1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.

Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

3. Сайлау алдындағы үгiт:

  • 1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
  • 2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткiзу жолымен;
  • 3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.

4. Мыналарға:

  • 1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;
  • 2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;
  • 3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;
  • 4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

5. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.

Осы Конституциялық заңда мыналар:

  • 1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;
  • 2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады.

Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.

6. Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.

7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті.

Бұқаралық ақпарат құралдары тиiстi сайлау комиссияларының сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және осы Конституциялық заңда белгiленген хабарламаларды жариялауына кiдiрiссiз мүмкiндiк туғызады.

8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.

9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.

Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.

Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.

10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.

28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы

[edit]

1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.

Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.

2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.

Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.

3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi.

Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде саяси пікiр-сайыстарға қатысуға құқылы.

Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттары мен өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде өзге де аумақтық, сондай-ақ oкругтік сайлау комиссияларына берiлуге тиiс.

Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады.

Кандидаттар мен партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келіп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.

Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.

4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.

Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгіттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.

Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.

Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.

Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.

Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығынан тұратын бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.

7. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.

Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс. Жазбаша келiсiмi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

8. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмдi баспа басылымдары сайлау комиссияларының хабарламаларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен және көлемде жариялауға мiндеттi.

9. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.

Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.

29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасы

[edit]

Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия өзінің болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.

Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмін тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.

30-бап.

[edit]

[5]

31-бап. Сенiм бiлдiрген адамдар

[edit]

1. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.

2. Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.

Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар.

Кандидат, саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.

3. Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.

4. Сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.

5. Сенім білдірілген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.

6. Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тізiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған, осы Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.

32-бап. Сайлау алдындағы үгiттi тоқтату

[edit]

1. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.

2. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

6-тарау. Сайлауды қаржыландыру

[edit]

33-бап. Сайлауды мемлекеттiк қаржыландыру

[edit]

1. Партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісi депутаттарының сайлауын қоспағанда, Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы республикалық бюджет қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады. Бұл шоттарға республикалық бюджеттен түсетін бюджет қаражатына иелік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібi Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленеді.

2. Республикалық бюджет қаражатынан:

  • 1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға, лингвистикалық комиссияның мүшелерiне, электронды сайлау жүйелерінің пайдаланылуын қамтамасыз ететін мамандарға еңбек ақы төлеуге;
  • 2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;
  • 3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткiзуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;
  • 4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке;
  • 5) сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын Президенттікке, Парламент Сенатының және мәслихаттардың депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттар туралы, сондай-ақ партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға жұмсаған шығындары жабылады.

3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттiк органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.

4. Алып тасталды [6].

7-тарау. Дауыс беру тәртiбi

[edit]

8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау

[edit]

9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi

[edit]

9-1-тарау. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзудiң ерекшелiктерi

[edit]

II. Ерекше бөлім

[edit]

10-тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауы

[edit]

11-тарау. Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау

[edit]

12-тарау. Республика Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттарын сайлау

[edit]

13-тарау. Республика мәслихаттары депутаттарының сайлауы

[edit]

14-тарау. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайлау

[edit]

15-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

[edit]

Ескертулер

[edit]

Заңнының түпнұсқасы

  1. ҚР 1998.11.06 N 285 Конституциялық заңымен
  2. ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңымен
  3. 3.0 3.1 3.2 ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен
  4. 4.0 4.1 4.2 4.3 4.4 ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен
  5. Ескерту. 30-бап алынып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.
  6. 2005.04.15 N 44 Конституциялық Заңымен