Рип Ван Уинкл
- (Вашингтон Ирвингтің новелласы, аударған Ерден Еркебекұлы Қарсыбеков)
Гудзон бойымен көтеріліп көрген әрбір саяхатшының есінде Каатскил тауларының бейнесі сақталып тұрады. Ұлы Аппалач сілемдерінің бұл бір тарамы өзеннің батыс жағасынан көрініп, бүкіл төңірекке билік жүргізгендей болып, орасан биіктікке көтеріліп тұрады. Жыл мезгілдерінің ауысуымен, немесе ауа райының өзгеруімен, тіпті тәуліктің әр жаңа сағаты келуімен бұл таулардың ғажайып түстері мен кескіні түрліше құбылып тұрады, ал алыстағы және жақын маңдағы бикештер онысына мінсіз барометрдің көрсеткішіне қарағандай тең қарайды. Тынық болған кездерде таулар көкше әрі күлгін түстерге оранып, кешкі таза ауада өзінің анық сұлбасымен көз тартады; енді бір кездерінде, айнала шайдай ашық бола тұрғанымен, шыңдардың үстінен тұман шатыры жиналып қалады да, батқан күннің соңғы сәулелері жарығында салтанатты тәж сияқтанып, жарқырап шыға келеді.
Бұл таңғажайып таулардың баурайында — олардың көкше бөктерлері етегінде жайнаған жасыл кілеммен тоғысқан жерінде — әлдебір елді мекеннің жұқаша түтіндерін көзбен шалып қалуға болатын, және ағаштардың арасынан жаңыршақ шатырлары да көрініп қалатын. Бұл шағын ауылдың тарихы тереңде еді: осы аймақта болып жатқан қоныстанудың бастапқы кезеңінде-ақ оны Голландиядан жер ауып келгендер салған болатын, мейірбан Питер Стюйвезент (жатқан жері жұмсақ болғай!) өз билігін енді жүргізейін деген кез еді.[1] Алғашқы қоныстанушылардың үйлеріне сіз бірнеше жыл бұрын оп-оңай кезіге де алатынсыз — олар Голландиядан әкелінген сары ұсақ кірпіштен қаланып, өздерінің торлы терезелерімен және үшкір бұрышты төбелерінде орнатылған желбағарларымен ерекшеленетін.
Осы айтылған ауылда, дәл сол үйлердің бірінде (шынын айтсақ, уақыт пен ауа райынан қатты тозып кеткен үйде) бұрындары, бұл аймақ әлі Ұлыбританияға қараған тұсында, Рип Ван Уинкл есімді қарапайым әрі ақкөңіл адам өмір сүріпті. Ол — Питер Стюйвезенттің жауынгерлік шағында үзеңгілестері ретінде танылған және соның Форт Кристинаға қарсы жорығына атсалысқан Ван Уинклдер әулетінің ұрпағы еді. Бірақ бабаларының батырлық мінезі оның бойына аса дарымай кеткен. Айтып кеткенімдей, ол қарапайым, ақкөңіл адам еді; сонымен қатар, ол мейірімді көрші және көнгіш, етек асты еркек болған-ды. Бәлкім, осы соңғы жағдайдан болар, оның рухы жуастанып, өзі жұртқа жағымды болып қала беретін. Иә, үйінде ұрысқақ әйелдің айтқанымен жүретін адам сыртта елгезек әрі қызметшіл болады. Ондайдың мінезі өз ошағының күйдірерлік қызуынан өткенде икемді де иілгіш бола қалады, себебі жарынан естілген сөгіс дүниедегі барлық уағыздан гөрі сабырға мен төзімділікке жақсырақ баулиды. Сондықтан да жаныңыздан көкбет қатын табылса, оны, бір жағынан, тәубе етерлік несібеңіз деп көре аласыз. Олай болса, Рип Ван Уинклге ең қымбат несібе бұйырған еді.
Дегенмен, ауыл бикештерінің бәрі де оған өте жақсы қарайтын және, нәзік жан иелері болған соң, олар үй ішілік дау-дамайда әрдайым Риптің жағын жақтаған, ал кешкілік өсектерінде бар кінәні тәтейдің мойнына артып қоя салатын. Ауылдың бүлдіршіндері де Рипті үнемі шуылдаған қуанышпен қарсы алатын. Ол болса, балалардың сергелдеңіне кірісіп, оларға ойыншық құрып, қағаз батпырауығын ұшыруды немесе марблз ойнауды[2] үйретіп жүретін, және сиқыршылар мен үндістер туралы бітпес ертектерін айтатын. Ауыл ішімен серуендеген сайын оны балалар қоршап алып, етегіне де жармасып, арқасына да мініп, нешетүрлі қылықтарын еш зардапсыз бітіріп шығатын. Ал төңіректегі иттер Рипке ешқашан үрген де емес.
Рип мінезінде аса зор кемшілік бар болатын, бұл — пайдалы еңбек қылуға деген мызғымас жиіркеніші. Бірақ онысы шыдамдылықтың не табандылықтың жетіспеуінен емес еді. Әйтпесе татар найзасындай ұзын да ауыр қармағымен дымқыл тастың үстінде еш қыңқылсыз, кейде балықтың бар-жоғын да елемей, күні бойы отырар ма еді. Немесе иығына мылтығын салып, бірен-саран тиін мен кептерді атпақ болып, ұзақ уақыт бойы орман-тауды, батпақ пен даланы кезер ме еді. Көршілерінің ең ауыр істерін бітірісуге ол қашан да дайын болатын, және жүгері тазалау науқанында немесе тас қоршауларды көтеріскен кездерде ол ылғи да алдыңғы қатарлардан табылатын. Ауыл бикештері де оған әртүрлі тапсырмалар беріп жүретін, олардың қиқарлау жұбайлары жасамай жүрген ұсақ жұмыстарын Рипке істетуге тырысатын. Бір сөзбен айтсақ, ол өз шаруаларынан гөрі басқалардікіне араласуды жөн көретін; отбасы міндеттерін атқарудан және фермасын дұрыс қалыпта ұстаудан оның ойы алшақ болатын.
Өзі айтып жүргендей, оның фермасы өлкедегі ең нашар жер телімі еді, онда қанша жұмыс істесең де, еш пайдасы шықпайтын, барлық талпыныстар сәтсіз аяқталатын. Шарбағының бір жағы болмаса, екінші жағы сынып жүретін; сиыры біресе далада адасып, біресе бақшаны таптап кететін; арамшөптері басқа фермадағыдан гөрі, әлбетте, тезірек өсетін; даладағы жұмыстарына енді кірісейін десе, жаңбыр да жауып шығатын. Сөйтіп, оның қарауында бабаларынан қалған жері біртіндеп тарыла берді, ақыры картоп пен жүгерісі өсетін шағын ғана жолаққа айналды, соның өзінде бұл жер қожайынның күтіміне тапшы екені бірден байқалатын.
Оның перзенттері де қараусыз өскендей болып, алба-жұлба әрі добал түрлерімен жүре беретін. Өзіне қатты тартқан Рип есімді ұлы әкенің киімдерімен қатар қылықтарына да мұралық ететіндей мінез танытқан. Ол күні бойы шешесінің артынан құлындай жортаңдап, үстіндегі әкесінің әбден тозған дәу шалбарын бір қолымен ұстап жүгіретін — бұнысы кербез әйелдердің желқұз кезде өзінің ұзын етектерін жинап жүргеніне ұқсайтын.
Қалай болса да, Рип Ван Уинкл өмірге жеңіл қарайтын бейқам әрі алаңғасар жандардың бірі еді. Ол тамақтың жақсы-жаман піскеніне қарамай, әйтеуір бар болғанына тәубе етіп, қуана жей беретін; артық еңбек қылмайын деп, кейде аш та боп отыратын. Егер өз бетімен жүре беруге мүмкіндігі бар болғанда, ол өмір бойы ысқыра беріп, рақаттанар еді. Алайда әйелі оның жалқаулығы мен енжарлығы туралы және өз жанұясын қаншалықты күйзелткені туралы үнемі құлағына құйып жүретін. Таң атқаннан кеш батқанша шейін тәтейдің тілі дамылды білмеді, күйеуінің әрбір сөзі мен ісінен кейін оның ұзақ уағыздары басталатын. Бұған Риптің жалғыз ғана жауабы болды, және жиі қайталаудан бұл әдетке айналыпты: ол көздерін ақшитып, иықтарын көтеретін де, дым демей басын шайқайтын. Алайда мазасыз әйелі бұнысына жаңа күшпен бұрқырата жауап қайтаратын. Сонда шегінуден басқа амалы болмаған Рип ұрыс алаңын босатып, тысқа ұмтылатын — етек асты еркекке тиесілі жер осы еді.
Үйдегілердің ішінен Риптің жалғыз жақтасы — Қасқыр атты иті ғана. Иесі сияқты ол да тәтейдің ырқында жүруге әдеттенген; ал тәтей болса, осы екеуін жалқаулықта бірін-бірі табысқан жолдастар деп білді және күйеуінің тысқа жиі шығатынын Қасқырдың кесірі деп ұғып, бұны алакөздеп отыратын. Шын мәнінде, бұның текті иттерге сай қасиеттерінің бәрі болды, орманды кезген ешбір һайуанға дес бермес еді, бірақ әйелдің адуынды өткір тіліне шыдас беретін өжеттілік бұл дүниеде табыла ма? Үйге кірсе, болды — құйрығы түсіп, төсі тарылып, ұрыдай тасаланып жүріп, тәтейдің қабағын аулай бастайтын, және сыпырғыш не ожаудың көтерілгенін көрсе, сол арада қатты қыңсылап, сыртқа қашып жөнелетін.
Жылдар өте келе Риптің отбасылық тіршілігі ауырлай берді. Жаман мінез жастың ұлғаюымен түзелмес, бұған қоса өткір тіл — жиі қолданыстан үшкірлене беретін жалғыз кесетін аспап екені тағы бар. Тысқа шығуға әдеттенген Рип өз-өзін көңілдендіру үшін ауылдың ақылгөйлері мен басқа да қаңғыбастары өткізген отырыстарына үзбей қатысып шығатын болды. Бұл отырыстар ұлы мәртебелі Георг Үшіншінің[3] қызғылтым портретімен безендірілген трактирдің алдында, ұзын ағаш орындықта өткізілетін. Мұнда олар жаздың ұзақ та ыстық күндерінде көлеңкеден таса тауып, өз араларында ауылдық өсектерді жайып, мәнсіз әңгімелерін мең-зең халдерімен айтып жүретін. Бірақ кездейсоқ бір саяхатшы олардың қолдарына ескі газетті қалдырып кетсе, бұлардың пікірталасынан туатын ойларының тереңдігі сондай, оларды тыңдап, біліп алу үшін мемлекеттік қаржыны да аямауға болатын еді. Ұқыпты әрі аласа мұғалім Деррик Ван Буммельдің ең ұзақ сөздерді еш мүдірмей оқығанын бұлар қалай маңғаздана тыңдап отырған! Не болмаса бірнеше ай бұрын өтіп біткен оқиғаларды қандай данагөйлікпен талқыға салып жүрген!
Барлық пікірталастың төрешісі осы ауылдың ақсақалы әрі трактир иесі Николас Веддер болған. Ол таң атқаннан кешке шейін кіреберіс жақта отырып, алып ағаштың көлеңкесінде қалу үшін өз орнын әлсін-әлсін ғана өзгертіп тұратын; ал қасындағылар оның орналасуына қарай күн сағатына қарағандай болып, уақытты біліп отыратын. Расын айтсақ, талқыларда оның даусы сирек естілетін, ал темекіге қашан да толы болған мүштігі аузынан түспей жүретін. Солай бола тұрып, оның қолдаушылары (кез келген ұлы адамның қасынан табылатын қолдаушыларындай) оны жақсы түсініп жүрген және ойдағы пікірлерін дұрыс талдай білген. Оқылған не айтылған нәрсе оған ұнамсыз болып көрінсе, ол мүштігін құлшына тарта бастайтын және аузынан үзік-үзік пысылдаған түтінді шығаратын, ал разы болғанда, темекісін асықпай тартып, ақшыл да бейпіл бұлтшаларды жіберіп қоятын. Және кей кездері ол аузынан мүштігін алып тастап, тәтті түтіннің өз мұрнының жанында жиналуына мүмкіндік беріп, толықтай жақтырғанның белгісі ретінде басын ақырын ғана шайқайтын.
Бірақ әйелінің кесірінен Рип осы қастерлі қоғамды да тастап кетуге мәжбүр болған. Оның долы әйелі алқа отырыстарының шырқын бұзып, жиналғандармен еш санаспай, оларды келеке қылатын. Тіпті аса қадірлі Николас Веддердің өзіне бұл құтырған мыстан тіл қайырып, оны күйеуінің енжарлығын құптап жатқаны үшін кінәлап шықты.
Сонымен сорлы Риптің әбден ашынып кетуіне шақ қалған-ды. Енді ол үшін фермадағы жұмыстарынан да, әйелінің сөгісінен де құтылудың жалғыз ғана амалы болды — қолына мылтық алып, орман кезуге шығу. Сонда серуендеп, ол кей кездері ағашқа сүйеніп отыра сала, қоржындағы тамағын шығарып, Қасқырмен бөлісетін, себебі ит соның қайғысын бірге көтерісіп қаңғитын. «Қасқырым-ай, — деуші еді ол итіне, — бәйбіше саған иттік өмірді көрсетіп бітті-ау. Ештеңе етпес, достым, тірі болсам, қашан да қасыңнан табыламын!» Қасқыр болса, құйрығын бұлғақтатып, иесінің бетіне күйінішпен қарайтын. Ондай кездері иттердің де аяныш сезімі бар болғанына еш күмән қалмайтын.
Күздің бір тамаша күнінде сондай серуенін жасай жүріп, Рип байқамастан Каатскил тауларының аса биік тұсына өрмелеп шығыпты. Тиіндерді құмарлана атып жүрген шағы еді, иен таулардағы атыстың жаңғырығы қайта-қайта естіліп тұратын. Кешкісіне ол шаршаудан тұншыға жаздап, шыңыраудың шетіне жақын орналасқан шөбі қалыңдау бір дөңеске жайғасып отыра қалды. Ағаштардың арасынан ол төменде көп мильге[4] созылған және орманмен жамылған жазықты бақылай алды. Анау алыс жақта құдіретті Гудзон өзінің тыныш суларын қарымды ағысымен көкжиектегі көгілжім белдерге қарай ағытып тұратын. Оның шыныдай таза айдынында тек біраз бұлттың шағылысқан кескіні ғана немесе баяу қалқыған кеменің желкені көзге ілініп қалатын.
Ал басқа шетте тауға жанасқан, құлазыған, терең ойпат көрінді. Оның түбінде үстінен төніп тұрған құздардың қираған сынықтары шашылып жататын және кешкілік жарықта еміс-еміс көрінетін. Рип осы жаққа ойлана қарап тұрды, кеш бата бастаған кез еді, таулардан түскен ауқымды көлеңкелер жазықты күңгірттендіріп жіберген. Ауылына жетерден бұрын қараңғылық түсетіні Рипке енді анық болды. Ауыр күрсініп алып, ол жұбайы өзін қандай қатыгездікпен қарсы алатынын елестетіп жіберді.
Кенеттен, таудан енді түсейін деген шақта, оған алыстан «Рип Ван Уинкл! Рип Ван Уинкл!» деген дауыс естілді. Ол көзімен әрі-бері шалып өтсе де, оған тауды кезіп ұшқан қарғадан басқа ешкім көрінген жоқ. Мүмкін, елестеген шығар деп, ол қайтадан түсуге бағытталғанда, кешкілік тым-тырыста тағы сол айқай естілді: «Рип Ван Уинкл! Рип Ван Уинкл!» Жота жүні үрпиіп кеткен Қасқыр ырылдай бастап, иесінің жанына сүйкене келді де, астыға үреймен қарап қалды. Рип те қобылжып қалып, сол жаққа көзін тікті — жартас бойымен үстіге өрмелеген және арқасындағы жүгінен бүкірленіп жүрген бір адам көрінді. Осы иен жақта тірі жанға кездесе қалғанына таң қалған Рип, мынау көмекке зәру болған ауылдасым болса керек деп, астыға қарай беттеді.
Жақындай келе, ол жаңағы кісінің сырт келбетінің ерсілігіне одан әрі таңданды. Бұл шашы қоқиған, сақалына қылау түскен, аласа бойлы мығым қарт еді. Үстіндегі киімі ескі голландтық үлгіде болған — белдігі бар мауыт қамзол және бірінің үстіне бірі киілген бірнеше шалбар, олардың сыртқысы аса кең болған, бүйірінен түймелермен безендірілген, ал тізе жақта баулары бантқа оралған еді. Иығында жуандау бір бөшкеше болды, ол ішімдікке толы болғандай болып көрінді. Жаңағы қарт Рипке жақындауға және жүгін көтерісуге белгі берді, сәл қобылжыған Рип оған күдікпен қарап қалса да, әдеттегі ықыласымен жәрдем қылуға асықты. Сөйтіп, бір-біріне көмектесе жүріп, олар құрғаған бір арнаға ұқсаған тар жыра бойымен көтеріле берді. Олардың алдарында екі жағынан биік жартастарға жанасқан ұзындау шатқал көрінді, жақындаған сайын бұл жақтан күн күркіреуіне ұқсаған қатты гүрсілдер естіліп қалатын. Рип бір сәтке тоқталып, сірә, бұл таулы аймақтарда жиі жауатын өткінші жаңбырдың найзағайлары болса керек деп ұйғарып, жүрісін әрі қарай жалғастырды. Шатқалды жүріп өткенде, олар амфитеатрға ұқсаған бір алқапқа келе түсті. Алқап бүкіл жақтан тік құздармен қоршалған еді, және үстінен төніп тұрған ағаштардың бұтақтары арасынан аспанның тек шағын үзімдері ғана көрініп тұратын. Бұл жерге жеткенше, екеуі де үн қатпаған. Мына құлазыған тауларға ішімдікті не үшін тасып жүр деп Рип жорамалдап жүрсе де, қарттан сұрауға дәті бармады, себебі оның әдеттен тыс және тылсым келбетінен сасқалақтап қалған болатын.
Осы амфитеатрға кіргенде, Риптің қызығушылығын арттыратындай басқа да жаңалықтар көрінді. Ортадағы тегіс алаңда оғаш боп көрінген тұлғалар кегльдермен ойнап тұрды. Үстілерінде шетелдік үлгідегі әлем-жәлем киімдері болды: біреуінде тылтиған күртеше, басқасында бел жақта қылыштары байланған қамзол, және бәрі дерлік жаңағыдай орасан зор шалбарларын киіп жүрген. Бірақ киімінен бұрын олардың бет-әлпеттері де біртүрлі әсер қалдыратын: біреуінің толық беті ұзын сақалға ұласса да, көздері шошқанікіндей ұсақ еді; екіншісінде басындағы үлкен аппақ қалпағы астынан мұрыны ғана көрініп тұрды. Әрқайсысының сақалы түсімен де, пішінімен де ерекшеленетін. Арасында басшыларына ұқсаған бір қарт жүрді: оның беті желден қызарып қалған-ды, басында қауырсынмен безендірілген төбесі биік қалпағы болды, үстіндегі оқалы шекпені кездігі бар кең белдікпен тартылған еді, ал аяғында қызыл шұлықтары мен биік өкшелі кебісі болған. Жалпы, бұл топ адам Рипке таныс бір суреттен түскендей болып көрінді, ол сурет ауыл шіркеушісі Домини Ван Шейктің үйінде ілулі тұрған және алғашқы қоныстану кезінде Голландиядан әкелінген еді.
Риптің ерекше назарын аудартқан нәрсе келесі еді: бұл жиналған қауым ойынға құмарлана берілсе де, беттері тымырсық кейпінде қатып қалғандай болды, және ауыздарынан бір де бір сөз шықпады. Осындай жабырқаңқы түрде өткен сауығу кешін Рип өмірінде бірінші рет көріпті. Бұл көріністің үнсіздігін домалатып лақтырылған шарлардың күн күркіреуіне ұқсаған жаңғырығынан басқа ештеңе де бұзбады.
Рип пен оның серігі жақындап қалғанда, бұлар өз ойынын бірден тоқтатты да, әрқайсысы бедірейіп көзін Рипке қадады. Олардың мүсіндей қатып қалған жүздері ерсі әрі жат болып көрінгені сондай, Риптің жүрегі зу етті де, тізелері қалтырай бастады. Серігі болса, бөшкешедегі ішімдікті тостағандарға құйып жіберіп, оларды жаңағы ойыншыларға таратсын деп Рипке белгі берді. Және ол бұған дірілмен мойынсұнды, ал ойыншылар үн-түнсіз ішіп жіберіп, ойындарын жалғастырды.
Бірте-бірте Риптің қорқынышы басылды және ол осы ортаға көнігіп алды. Оған ешкімнің назары аумаған шақта оның батылы тіпті ішімдіктен бір татым жасауға да барды, және дәміне қарай бұл үздік голландтық арақ болғаны оған аян болып қалды. Риптің жаны жаңалықтарға тойымсыз болғаннан кейін, ол тағы бір жұтым жасауға асықты, және оны қайталауға жанын салды, сөйтіп тостағанын бірнеше рет тауысып қойыпты. Ақыры оның сезімдері бәсең тартып, көздері шыр айналып, басы ауырлықтан еңкейе бастады да, ол терең ұйқыға батты.
Оянған кезде Риптің байқағаны — ол әлгі қартты алғаш көріп қалған жерде, қалың шөпке оранған дөңес үстінде жатыр екен. Таңертеңгі жарқын күннің сәулелерінен көзін ысқылап алып, жан-жаққа қарады. Бұталардың арасында құстар сайрап, әрлі-берлі пырылдап ұшқан; биікте, таудың самалынан көкірегін керіп, бүркіт шарықтап жүрді. «Түні бойы осында жатқанмын ба?» — деп Рип ішінен ойланды да, қалғып кеткенге дейін не болғанын есіне түсіре бастады. Бөшкешесін тасып жүрген оғаш шал... таулардағы шатқал... жартастардың арасындағы амфитеатр... жабырқаңқы ойындар... ішімдікке толы тостаған... «Ах, сол тостаған ғой, құрғыр тостаған-ай! — деп Рип күңіренді. — Енді бәйбішеме не деп келем, қап-ай?»
Мылтығын іздеп қараса, жанында тек тот басқан ескі бірауызы ғана жатқанын көрді. Оның бекітпесі босаңдап түсіп қалған, ал құндағын құрт жеп тастаған.[5] Әлгі тауларда ойнаған ызбарлы және момын адамдар қалжыңдаса жүріп, оның мылтығын тартып алған шығар, деп ол ойлап қалыпты. Қасқыр да маңайдан көрінбеді, бірақ ол тиінді немесе шілді қуалай жүріп, адасып кетуі де мүмкін еді. Рип оны ысқырып та, айқайлап та шақырып көрді, бірақ бәрі бекер — оған тек жаңғырықтың дауысы ғана оралды.
Ол кешегі ойын-сауық кеші өтіп жатқан алаңға тағы кіріп шығу керек деп ұйғарды, және сол жақта біреу кездессе, содан итін де, мылтығын да сұрап қайтармақ болады. Осы ойымен тұрып жатқанда, буындарының тырсып жатқанын сезді және әдеттегі ширақтығының жетіспейтінін байқады.
«Тауда түнеген енді жарамас, — деп ойлап қалды ол, — Осы серуенім ревматизмге ұласса, бәйбішем маған теперішін көрсетер-ай!» Ол жыра жаққа қинала түсті де, кешегі қартпен жүрген шұқыр жерді іздей бастады. Бірақ ол жерде енді бір жартастан екінші жартасқа соғылып, қатты гүрілдеген бұлақ ағып жатқан. Рип соның бойымен көтерілуге асықты, жолында қалың тоғайды жарып өтуге мәжбүр болды. Қайың мен шаттауық ағаштарына жармасып өскен жабайы жүзімнің ирелеңдеген сабақтары оны күтіп отырғандай жасыл тор құрған, Рип оған талай рет шырмалып қалса да, әйтеуір көздеген жеріне жетті.
Шатқалдың бұл жерінде жартастардың арасынан амфитеатрға апаратын өткел болу керек еді, бірақ қазір бұның еш ізі де көрінбеді. Өткелдің орнында тіп-тік құз биікке көтеріліп тұрған, және оның үстінен ұшпа көпіршігін шашыратқан судың жұқа ғана ағыны ағып тұрған. Қоршаған ағаштардың көлеңкелерінен қараңғы болып көрінген, тереңдеу әрі кең суқоймада сол ағынның сулары жиналып, сылдырлап жатқан. Бұл жерде байғұс Рип еріксіз күйде тоқтап қалды. Ол итін тағы бір рет шақырып, ысқырлады, бірақ төбедегі ағашты бойлай ұшқан бейжай қарғалардың қарқылдауынан басқа еш жауап қайтпады. Олар сонау жарқыраған биікте қауіптенбей қалықтап, астыға мысқылдай қарап қойып, сорақы адамның абыржып жүргенін әжуа қылғандай болды. Енді қайтпек керек? Таң уақыты да аяқталуға шақ болған, Риптің қарны аша бастады. Ол мылтығы мен итін таба алмай қалғанына кейіді, бұған қоса әйелімен кездесуге қорықты, бірақ осы тауларда аштан өлгеннен не пайда. Ол басын шайқап, ескі бірауыз мылтықты иығына салды да, мұңға толы жүрегімен үйіне қарай беттеді.
Ауылға жақындағанда, ол бірен-саран адамға тап болды, бірақ арасында танитындары болған жоқ еді. Рип бұған біршама таң қалыпты, себебі ол өзін маңайдағылардың бәрін біледі деп есептеген. Сол адамдардың киген киімдері де ол үшін біртүрлі болып көрінді. Олар болса, Рипті көргенде өздері аң-таң болып, оның жүзіне қарағанда, өз иектерін сипай бастайтын. Бұл қимыл бірнеше рет қайталанғандықтан, ол лажсыздан өз иегін сипап көрді. Тек осы кезде өзінің бір футқа[6] жетерлік сақалы бар болғаны оған анық болды!
Енді ауылға кіре бастаған шақта, оны белгісіз бір балалар қоршап алып, гуілдеп, соңынан ере бастады. Өзіне шабалана үрген иттердің де ол ешқайсысын тани алмады. Ауылдың өзі өзгеріп кеткендей болды: біршама ұлғайып, халқы көбейген сияқтанды. Ол бұрыннан білетін үйлерді таба алмай, есесіне бейтаныс үйлердің пайда болғанын байқады. Есіктерінде бейтаныс есімдер қашалған, терезелерінен бейтаныс адамдар көрініп жатқан, бәрі де жат болып көрінді. Риптің есі ауысып қалғандай болды; әлдебір сиқырдың күшінен өзі де, айналасы да күрт өзгерген бе, деп ол күдіктене бастады. Дау жоқ, бұл оның туған ауылы еді, одан серуендеуге кеше ғана шығып еді. Әні Каатскил таулары, Гудзонның күмістенген ағыны да көрініп тұр, әр төбешік пен шұқыр өзіне тиесілі орында қалған. Рип әбден абыржып қалды. «Кешегі тостаған басымды бір шайқап тастаған екен», деп ол ойлап қалды.
Өз үйіне жеткізетін жолды ол бірден таба қойған жоқ. Соның бойымен жүре келе, оның үрейі өсе бастады, себебі әр сәтте алдынан шыңғырлаған әйелі шығып қалуы мүмкін еді. Бірақ жақындап қалғанда, алдында қисайған үйі ғана көрінді, оның шатыры ішке құлаған, терезелері сынған, ал есігі топсасынан шығып кеткен. Ауласында Қасқырға ұқсаған ашыққан ит жүрген. Рип оны шақырса, ол ырылдап, тісін ақситып, әрі жүріп өтті. Бұдан Рип одан сайын қынжылды: «Өз итім де мені ұмытты!» — деп бір күрсініп алды.
Ол ішке кірді. Әдетте, әйелінің арқасында үйде тазалық сақталып тұратын. Бірақ қазір бұл қаңыраған үйдің қараусыз қалып қойғаны айдан анық болды. Бұны көріп, Рип бір сәтке тұла бойындағы қорқынышты ұмытып, әйелін және балаларын шақыра бастады. Оның айқайы бос бөлмелерде сыңғырлап қалып, тез тынды, және үйде қайтадан тыныштық орнады.
Рип үйден шығуға асықты. Енді трактиріне барса, бұл байырғы панасы да ғайып болып кетіпті. Оның орнында қисайып тұрған үлкен ағаш ғимарат болды, терезелері де кең болды, бірақ көбісі сындырылған еді және тесіктері ескі киімдермен тығындалған еді. Ал есігінің үстінен келесідей жазу жазылған болатын: «Джонатан Дулитлдің ЮНИОН қонақүйі».
Бұрын қарапайым трактирді көлеңкесімен жауып тұрған алып ағаштың орнында қазір ұп-ұзын сырық қана тұрыпты, оның ұшында жолақтары мен жұлдыздары бар жалау желбіреген еді. Бұның бәрі Рип үшін тосын әрі түсініксіз болып көрінген. Ол Георг Үшіншінің портретін байқап қалған, соның астында ол өзінің темекі мүштігін елеңсіз тартып жүргенін есіне түсірді. Бірақ қазір патша келбетінің өзі де өзгеріп қалыпты: бұрынғы қызыл мундир көк пен сарғылт болып кеткен, қолындағы скипетрдің орнында семсері пайда болған, ал басында үшбұрышты қалпағы киілген еді. Суреттің астында үлкен әріптермен екі сөз жазылып тұрған: «ГЕНЕРАЛ ВАШИНГТОН».
Есіктің алды әдеттегідей ығы-жығы халық болды, бірақ Рип ешкімді де таныған жоқ. Адамдардың тіпті мінездері де бір өзгеріске ұшыраған болып көрінді. Бұрынғы сабырлылық пен байсалдылық орнына албырттық, іскерлік, әбігершілік орнады. Жұрт арасында жалпақ беті бар, аузынан түтіндеген мүштігін шығармай жүрген данагөй Николас Веддер еш табылмады, ескі газеттерді мыжғылай жүретін мұғалім Ван Буммель де көрінбеді. Қазір бәрінің назары бір ашулы әрі арық тұлғаға ауған еді, оның қалталары үгіттейтін қағаздарға лық толы болған, өзі Конгресс, Банкер-Хилл, бостандық, 1776 жылдың қаһармандары туралы [7] ексім-ексім сөйлеп тұрды. Рип бұны вавилондық бір жаргонды тыңдағандай аң-таң болып жүрді.
Ұзын ақ сақалы бар адам, оның ескі мылтығы, әпенді киімі және соңынан ерген балалар мен әйелдер үйірі тез арада осында жиналған қауымның назарын өзіне бұрып алды. Адамдар оны қоршай бастап, бастан аяғына дейін зерттеп, үлкен қызығушылықпен қарап жүрді. Әлгі оратор лезде Риптің қасынан табылды, оны елден кішкене әрірек алып шығып, одан дауысын кім үшін беретінін сұрады. Рип үндемей абдырап тұрды. Басқа бір аласа бойлы, жылпос адам оны қолынан түртіп, аяқтың ұшына тұрып алып, құлағына сыбырлады: «Сіз федералист боласыз ба, әлде демократсыз ба?»[8] Рип тағы да дым түсінбей тұра берді. Осы кезде басында үшбұрышты қалпағы бар, жасы үлкен бір дүрдей джентльмен көпшілікті қақ жарып өтіп, оған қарай барды. Риптің алдында тоқтап, ол бір қолымен мықынын ұстап, екінші қолымен таяғын таянып, өткір көздерімен жанына дейін тесіле қарап, қатаң дауыспен өз сұрағын қойды: «Сайлауға қару әкеліп және өзімен тобырды ертіп не етпекшісіз, ауылда бүлік шығарайын деп тұрсыз ба?»
— Құдай сақтасын! — деп саңқ етті Рип, есінен жаңылып, — Мен қарапайым, тыныш жүрген адаммын, осы жердің тумасымын және ұлы мәртебелі патшамызға толық бағынамын.
Мұны естіп, жиналғандар шулай бастады:
— Тори! Тори![9] Тыңшы! Эмигрант! Ұстаңдар оны! Қуыңдар әрі!
Жаңағы маңғаз джентльмен жұртты әрең дегенде тыныштандырды. Ол қабағын тыжырайтып, күдікті келімсектен не үшін келгенін және кімді іздегенін тағы сұрай бастады. Байғұс Рип бойында қара ниеті болмағанын бойсұна етіп баяндай бастады, ол тек осында жиі көрісетін көршілерімен кездесу үшін ғана келіп тұрғанын айтты.
— Нақты кімді айтасыз? Олардың аттарын атаңыз!
Рип бір сәтке ойлана қалып, Николас Веддерді атады.
Бәрі үнсіз тұрды, бірақ сәлден соң бір шал жұқаша, шаңқылдақ дауыспен айта бастады:
— Николас Веддер? Оның қайтыс болғанына он сегіз жыл болып қапты. Бейітін шіркеу ауласынан таба аласыз, ол туралы жазылған ағаш крест те болған, бірақ уақыт өте ол қирапты.
— Ал Бром Дачер ше?
— Ие, ол соғыс басталысымен әскерге жазылған. Біреулер оны Стони-Пойнтты шабуылдаған кезде қайтыс болған дейді, басқалары Энтониз-Ноуз маңында боранда батып кеткен деп жатады.[10] Қайсы дұрыс екенін білмеймін, әйтеуір соғыстан қайтпады.
— Мұғалім Ван Буммель ше?
— Ол да соғысқа барған, генерал атағын алған, қазір Конгрессте отыр.
Бұл өкінішті жаңалықтарды естіп, ескі достарынан айрылып, бұ дүниеде өзі ғана қалғанын түсініп, Рип жүрегінің сыздай бастағанын сезді. Уақыттың ұзақ кезеңдері жайында және соғыс, Конгресс, Стони-Пойнт сияқты таңғалдырарлық оқиғалар туралы айтылғандықтан, Риптің ойлары одан сайын шатасып қалды. Қалған достары жайында біліп сұрауға батылы бармай, ол ашынған дауыспен айғайлап жіберді:
— Мұнда енді ешкім Рип Ван Уинклді танымайтын болды ма?
— Ие, Рип Ван Уинкл бе?! — деп екі-үш адам жауап бере бастады, — Әрине, танимыз. Әне сыртта тұр, ағаштың жанына қисайып алған.
Рип олар сілтеген жаққа қарағанда, тура өзі секілді, тауға шығарға дейін ол қандай болған, қазір сондай адамды көрді. Бұны да албыр-жалбыр, жалқау адам деуге негіз болған сияқтанды. Рип не айтарын білмей тұрды, өзінің кім болғанын күмәндана бастады: Рип Ван Уинклмін ба, жоқ, мүмкін, басқа бір адаммын ба? Сөйтіп екі ойлы болып тұрғанда, үшбұрышты қалпағын киген адам оған тағы сұрақ қойды:
— Енді кім екеніңізді айтыңыз, атыңыз қалай болады?
— Құдай білсін! — деп саңқ етті ол, алжи бастап, — Мен мен емеспін... мен басқа біреумін... Әне мен тұрмын, әлде... жоқ, ол басқа біреу, менің кейпімді алған... Кеше өзім болғанмын, бірақ тауларда ұйықтап қалғанмын, ал олар менің мылтығымды ауыстырып алған, және бәрі де ауысып кетті, мен де ауыстым, енді өз атымды да, кім екенімді де айта алмайтын болдым!
Жиналған адамдар бір-біріне қарай бастады, кейбірі ымдасып, кейбірі бастарын шайқап, енді біреулері саусақтарымен өз маңдайын қаға бастады. Бұл шалдан мылтығын тартып алу керек, әйтпесе бірдеңе бүлдіріп қояр, деген сыбыстар да тарады. Оларды естіп, әлгі дүрдей джентльмен ортадан тезірек шегінуге ұмтылды. Осы кезде ақ сақалды шалды көрейін деп, Риптің жанына бір жас, өңді келіншек келе қалды. Оның қолында домалақ жүзді балақайы болды, Риптен қорқып, ол сәби егіле жылай бастады.
— Тыныш, Рип, — деді келіншек, — әй-әй, ақылсыз бөпем-ай, тыныш жат. Ата саған жамандық істей қоймас.
Сәбидің есімі, анасының келбеті, оның ащы дауысы — бұның бәрі Риптің есіндегі естеліктерін оятып жібергендей болды.
— Атың кім болады, жан қалқам? — деп сұрады ол.
— Джудит Гарденир.
— Ал әкең кім болады?
— Ол байғұстың аты Рип Ван Уинкл. Жиырма жыл бұрын ол мылтығымен тауға серуендеуге барған болатын, бірақ сол шақтан бері ол туралы еш хабар болмады. Үйге тек иті ғана оралды. Ол өзіне оқ атты ма, әлде оны үндістер тұтқынға алды ма — бұны ешкім нақты білмейді. Мен ол кезде кішкентай қыз едім.
Рип білгісі келген тағы бір жәйт қалған еді. Ол дірілдеген дауысымен соңғы сұрағын қойды:
— Сенің шешең қазір қайда?
— Ол да көп ұзамай қайтыс болды. Жаңа Англиядан[11] келген бір саудагермен шекісіп қалғанда, оның бір тамыры жарылып кеткен болатын.
Бұл жаңалықты естіп, Рип өзін біршама еркін сезіне бастады. Ол енді бір орында тұра алмай, сәбиін ұстаған келіншекті қатты құшақтады.
— Мен сенің әкеңмін! — деп леппен сөйлей бастады ол. — Мен Рип Ван Уинклмін, бірде жас болған, енді қартайып кеткен Рип Ван Уинклмін. Ешкім де Рип Ван Уинклді білмейтін болып шықты ма?
Бәрі оған бадыраңдап қарап тұрды. Араларынан бір кемпір шалқайып шықты да, алақанын қастарының үстінен қойып, көздерін Риптің жүзіне қадады. Ол сәл тұрып, сөйлей бастады:
— Әрине! Бұл Рип Ван Уинклдің өзі! Қош келіпсің, кәрі көршім! Сен осы жиырма жылдан бері көрінбей, енді қай жерлерден келе жатырсың?
Риптің әңгімесі ұзаққа созылмады, себебі бұл ұзақ кезең ол үшін бір ғана түн есебінде өтті. Қасындағылар оны ашық ауыздарымен тыңдады; шетте тұрғандардың кейбірі өзара жымыңдасқандай болып, бет-ауыздарын тыржитып сықақтағандай болды. Ал үшбұрышты қалпағы бар адам қауіптің сейілгенін көріп, орнына оралды да, әңгімешіге езуін қисайтып, басын бір шайқады. Жиналғандардың бәрі де бастарын шайқай бастады.
Ақыры жұрт Питер Вандердонк қарттың да пікірін білгісі келіп, оны тауып алып, сұрастыра бастады. Бұның бір бабасы тарихшы болған, есімдері де бірдей, осы аймақтың алғашқы сипаттамаларының бірін жазған сол кісі еді. Ал тұқымы осы ауылдың тұрғындары ішінде жасы ең үлкені еді, ол төңіректе болған елеулі оқиғалардың және айтылған аңыздардың барлығын біліп жүрді. Ол Рипті көргенде, оны бірден танып, ауылдасының әңгімесін сенімді екенін айтты. Оның сөзінше, Каатскил таулары ежелден бері ғажап ағзалардың мекені болғаны — хақ, бұл туралы арғы атасы да дерек қалдырып кеткен-ді. Мына өзенді және оның атырабын ашып зерттеген Гендрик Гудзон[12] өз жолдастарымен «Жарты Ай» деп аталатын кемесінде әр жиырма жыл сайын бұл өңірді аралауға шығады екен, деген наным да бар. Яғни ол өзі саяхаттап өткен жерлерді қайта-қайта бақылап, қорғап жүреді деуге болады. Питердің айтуынша, оның әкесі де соларға бір рет тап болған, олар таулардағы терең сайда кегльдермен ойнап жүрген, үстілерінде ескі үлгідегі голландтық киімдері болған екен. Әңгімені тәмамдап, Питер жаздың бір күнінде олардың шарларды лақтырысып, күн күркіреуіне ұқсаған шуылды шығарғанын өзі де естіп қалғанын айтты.
Бұнымен жұрт тынды, жиналғандар маңыздырақ болған іске оралды, яғни сайлауды талқылауға кірісті.
Джудит әкесін өз үйіне кіргізді, бұл жайлы және жақсы жабдықталған үй еді. Үй иесі жайнақы, еңселі жігіт еді; Рип оны танып, бұл кезінде менің соңымнан еріп, мойныма асылып жүрген балалардың біреуі ғой, деп өткен шақтарды есіне түсіре берді. Ал әкесінен аумаған кіші Рипті айтсақ, ол ағаш діңгегіне сүйенбеген кездері фермада жалдамалы жұмысшы ретінде уақытын өткізетін. Бірақ кезінде үлкен Рип қандай болса, мына баласы да өз ісін ешқашан толық аяқтамай, бөтен шаруалармен араласып жүруге әуес болған.
Бірте-бірте Рип қартайғанына қарамастан бұрынғы әдеттеріне оралды. Ол серуенге көп шығып, өзінің көне ептештерін де тауып алды, бірақ олар тым қартайып кеткен. Содан Рип жас буынмен көбірек араласуға тырысқан, олардың көңілдерін таба да білген.
Сөйтіп, еш жазасыз енжарлығына бөлене алатын жасқа келгендіктен, ол баяғыдағыдай трактир алдында тұрған ұзын ағаш орындыққа рақаттана жайғасып отыратын. Жұрт оны ауыл ақсақалы деп тұтып, өткен заманның, «соғысқа дейінгі шақтардың» куәгері ретінде қастерлейтін. Соңғы қауесеттердің мәнін ұғуға Риптің талай уақыты кеткен, оның ұйқыда өткізген жылдары ішінде орын алған оқиғалар оған таңғаларлықтай әсер етті. Елде тәуелсіздік үшін соғыс болғаны, ескі Англияның билігі енді бұл жерлерге таралмайтыны, өзі де ұлы мәртебелі Георг Үшіншіге бағынған адамнан Америка Құрама Штаттарының еркін азаматына айналғаны — бұның бәрі едәуір жаңалықтар еді. Шынын айтсақ, Рип саясатты онша түсінбейтін: мемлекеттер мен империялардағы өзгерістер оның көзқарасына айтарлықтай әсер етпеді. Өткен өмірінде оған көп азап әкелген деспотизмнің бір түрі ғана кездескен — бұл әйелі орнатқан тәртіп еді. Бағына орай, осы деспотизмге де шек келді. Зайыптық міндеттер жүгінен арылып, ол енді ұрыс-айғайдан сескенбей, өз қалаған жеріне қалаған уақытында шыға алатын болған. Алайда әйелі жайында сөз қозғалса, ол әдетте басын шайқап, иықтарын бір көтеріп, көздерін ақшитып тұратын. Бұны көрген жұрт, Рип өзінің қиын тағдырына көнгенін білдіре ме, әлде еркін болғанына қуана ма, деп әрқалай пайымдап жүретін.
Рип өз басынан кешкенін Дулитл қонақүйінің әр жаңа тұрғынына баяндап шығатын. Бастапқыда, аңғарғыш жұрт байқағандай, ол өз әңгіменің кейбір егжей-тегжейлерін түрліше айтып жүретін; бірақ, сөзсіз, бұны санасының оянуынан шамалы ғана уақыт өтуімен түсіндіруге болушы еді. Ақыры әңгімесі осы сіз оқып алған хикая тұрғыда қалыптасты, және оны маңайдағы әр бала, әйел және ер адам жатқа біліп жүрді. Әрине, бұл хикаяның шын болғанына күмәнданған адамдар да болды. Олардың пікірінше, Рип ақылынан алжасқан шал еді, оның ұшқалақ мінезі де осы жәйтке байланысты болған-мыс. Алайда Голландиядан келген қоныстанушылардың ұрпақтары бұл хикаяға толықтай сенеді. Күні бүгінге шейін олар жазды күндері Каатскил тауларынан жиі естілетін күн күркіреуінің гүрілін нақты атамай, оны Гендрик Гудзонның және қасындағы достарының шарларды лақтырысып ойнағанына балайды. Ал төңіректегі әйел айтқанымен жүретін әр еркек, өз өмірінің ауыртпалығынан зарлай бастағанда, қолына Рип Ван Уинкл ұстаған тостағанды алып, ұзақ ұйқыға батып кеткенді армандаумен болады.
Түсініктемелер
[edit]- ↑ Питер Стюйвезент (1610–1672) — Голландияның Солтүстік Америкадағы иеліктерін басқарған соңғы генерал-губернатор.
- ↑ Қағаз батпырауығы — жел күшімен көкке көтерілетін, жіпке байланатын ойыншық. Марблз — асықтардың орнына кішігірім шарлар пайдаланылатын соған ұқсас ойын.
- ↑ Георг Үшінші (1738–1820) — Ұлыбритания патшасы.
- ↑ Миля — ұзындық бірлігі, бір жарым километрден үлкен.
- ↑ Бірауыз — мылтықтың бір түрі. Бекітпе, құндақ — мылтықтың бөліктері.
- ↑ Фут — 30 сантиметрге жуық.
- ↑ Конгресс — Америка Құрама Штаттарының заң шығарушы органы. Банкер-Хилл — 1775 жылы бұл жерде ағылшын және америкалық әскерлері арасында алғашқы ірі шайқас орын алды. 1776 жылы АҚШ-ң тәуелсіздігі жарияланды.
- ↑ Федералистер мен демократтар — АҚШ-ң сол кездегі саяси партиялары.
- ↑ Тори — Ұлыбритания тарихында қалған саяси партия.
- ↑ 1779 жылы америкалық сарбаздар Гудзонның батыс жағалауында орналасқан Стони-Пойнтты шабуылдап, ағылшын әскерін гарнизоннан қуып жіберді. Энтониз-Ноуз — Гудзон өзенінің шығыс жағалауындағы шағын тау.
- ↑ Жаңа Англия — АҚШ-ң солтүстік-шығысында орналасқан аймақ, оның құрамына алты штат кіреді.
- ↑ Генри (Гендрик) Гудзон (1565–1611) — ағылшын саяхатшысы, Американың солтүстік-шығыс жағалауын мұқият зерттеп, картаға түсірген. Оның есімі бірнеше географиялық нысанға берілді.