Надандық
А
[edit]Аңқау елге арамза молда тұрып, балаларға сабақ оқытыпты-мыс. Молда жазу да танымайтын, надан өзбек екен, балалардың қолына қағаз беріп, шыймайлап оқытатын оқуы:
— Неке қияр ат болар; бала туса шат болар — оған асыл зат болар; ат қояры семіз ат; сүндет басы үш түйе; ысқат деген бес түйе.
Бір күндерде сол елге бір шын молда келіп, әлгі бала оқыған медресеге келіпті. Сонда арамза молда жалма-жан бір балаға, келген молдаға есіттіріп, сабақ берді дейді:
— Е-е, ме-е демелік, өзге былшыл не керек, он бес түйем, бір атым, жартысы сенікі, жартысы менікі.
Б
[edit]Бір ноғай түн ортасында үйінен жалаңаяқ, жалаңбас қашып шығып, оны көрген соң қатын-баласы да үркіп үйін тастай қашып, үздік-создық көршісінің үйіне барып тығылыпты. Көршісі:
— Мұның не? — депті.
Демін алып, ноғай біраздан соң жауап берді:
— Үйімді көптен бері жын-шайтан аралап жүр еді, күнде жатып қалсам, шайтандар үйімнің төбесінде жыйылысып ойын салып, тасырлатып жүруші еді. Соларды қашыру үшін неше рет молдалар жидырып, дуа оқытып, көп пұлым шықты. Бүгін түнде тағы да бұрынғы қалпынша, тасырлатып жүрген соң, ұйқтай алмай жатыр едім, бір мезгілде шайтанның біреуі тарс еткізіп үйдің төбесін сындырып, маған карай қарғыды, мен жалтарып қалып, бір жағымен қашып шықтым. Апыр-ай, шайтанның мүйізі де болады екен ғой, қашып бара жатқанда, қолым мүйізіне тиіп еді, — деді.
Көршісі есті кісі екен, қане шайтаныңды біз де көрелік деп, қолына фонарь алып, үш-төрт кісі ертіп, ноғайдың үйіне келді. Қараса, үйінің тебесін жұқа қамыспен тоқып сылаған екен, ортасы қулап түсіпті және қарап жүргенде, бұрышта бір ешкі жайына күйсеп жатыр. Бітегене тұрған соң, үй төбесінде маңыраған лақтардың дауысы шықты. Мұны есітіп ешкі де түрегеліп маңырады. Соның артынша лақтар манағы құлаған жерден секіріп түсіп, енесіне қосылысыпты. Қараса, лақты ешкілер көршінің өзінікі екен, түнде үйдің төбесіне үйілген шөпке келіп жеп, ойын салуды әдет етіп жүріп, манағы үй төбесінің жұқа жерінен құлап түскен екен.
В
[edit]Екі кісі жаздың бір әдемі күнінде сайранға шығып, бір ағаштың қасынан өтіп келе жатқанда, көкек шақырды дейді. Біреуі тұрып айтты:
— Көкек тек құс емес, ол мені көріп шақырғанын ырым етемін, маған ұзамай-ақ бір дәулет жолығады екен, — деді.
Қасындағысы айтты:
— Көкек саған шақырған жоқ маған шақырды, дәулетке мен жолығамын, — деді.
Әуелгісі айтты:
— Сен итке неғылған дәулет?!
Оған қарсы екіншісі:
— Мен ит емес, сен ит! — деп екеуі ұрысысып, ұрыстан соң төбелесіп, екеуінің де аузы-мұрны қан болды. Мұнан соң екеуі де дәрігерге келіп, жараларына ем еттіріп отырып, ұрыстың неден басталғанын айтысты. Сонда дәрігер айтты дейді:
— Ей, ақылсыздар, ол көкек сендер үшін емес, менің үшін шақырған екен; көкек шақырмаса, сендер төбелеспес едіндер, төбелес болмаса, сендер жаралы болып, мен емдеп, ақы алып олжа таппас едім, — деді.
Г
[edit]Менің бір дос адамым әңгіме етеді:
— 1875 жылда, жолаушы келе жатып, бір ауылға түстім. Әңгімелесіп отырғанда, бір бала келді, екі көзі жылағаннан ісіп кеткен. Бөтен балалардай ойнамай, тамақ та жемей отырған соң аяп, қасымдағы кісілерден сұрадым, бұл бала неге қамығып жүр, ойнамайды, тамақ жемейді, деп. Сонда ауыл кісілері айтты:
— Бұл баланың кешегі күн ертемен шешесі қазаланды, өлген соң-ақ қасымыздағы қыр үстіндегі молалардың қасына апарып қойдық; кешке бұзау қайтарып жүрген балалар моланың қасына барса, манағы қатынның моласынан дауыстап шақырғандай көмескі бір үн келеді. Балалар бұзауларын тастай қашып, ауылға айтқан соң, үлкен кісілер де молаға жақындап барсақ, анық есіттік моладан үн шыққанын. Бұл сұмдықты көрген соң бір кесепатына ұшыраймыз деп, ауылымызбен көшіп, бүгін осы жерге қондық. Сол қатынның мынау он екі жасар баласы: «Әжем тірі жатыр ғой, көрден ашып алып бер» деп жылап, тілемеген адамы қалмады; әрине, ешкім көрге бармақ түгіл, қайта баланың, тіпті, өзін де жібермей, бағып тұрмыз.
Сонда манағы бала өзі де жылап қоя берді:
— Ағеке, сіз бір қайыр қылмасаңыз... әжем тірі қалуы рас, — деп.
Бұл балаға абайлап қарасам, сонша есті бала кескінді; қанша үлкендердің айтқанына болмай өз ақылына салып шешесін тірі қалды деп тұрғанына таңға қалып, алдыма шақырып, сүйіп отырып айттым:
— Тірі болса-болмаса да, шырағым, мен әжеңді барып көрейін.
Отырған кісілер үрпиісе түрегелді:
— Ойбай, мырза, айта көрмеңіз, өлген кісі тіріледі деп көр ақтарған не сұмдық ол дүниедегі күнәсін тартып жатқан қатынға бола өзіңіз мерт боларсыз, — деп.
Мен балаға үйіңе барып киініп кел, деп шығарып жібердім. Отырған кісілерге айттым:
— Дұрыс, өлген кісі қайта тірілмейді, бірақ сіздер есін танып жатқан қатынды өлді деп біліп тірілей көмгенсіз; дауыстап шақырғанын естіп тұрып, ашып алмағаныңыздан қатты обалға қалыпсыз, ешбір кұдайтағаланың кәләмінде[1] жоқ көрдегі азап адам кұлағына естіледі деген, — дедім.
Сол арада манағы бала келді, ауылдан кетпен, күрек алып қасымдағы екі жолдасыммен, баланы ертіп молаға бардық, ауылдан қорыққаннан адам ермеді. Молаға барып сырттан құлақ салсақ та ешбір дыбыс естілмеді; сонсоң аштырып, екі кісі түсіріп қарасақ бейшара қатынның қолы-басы жара, қан, үстіндегі киімін айырып тастапты, өзінің әлі күнге денесі жып-жылы екен. Қатынды көрден алып, үстіне шатыр тіккізіп бір күн бақтым, көрден алған уакытта аз ғана жаны бар ма деп едім, сол күннің кешіне-ақ суынып, шынымен жан тапсырды.
Осындай істер әр елде болатын шығар деймін. Білімді зор дәрігерлер айтады: қайсыбір аурулар бар - бір жұмаға шейін адамды есінен тандырып, ешбір жан бар белгісі болмай жатқызатын деп. Соның үшін өлікті тым асықпай, байқаңқырап көму керек.
- ↑ Кәләм — сөз (арабша).