Jump to content

Мұжық пен жасауыл

From Wikisource

Ыбырай Алтынсарин

Бір мұжық далада жүріп, біртүрлі әдемі тас тауып алып, көршісінен сұрады:
— Бұл тасты неғылсам болады? — деп.
Көршісі айтты:
— Патшаға алып бар, — деп.
Сонымен мұжық келіп патшаның алдындағы жасауылының аяғына жығылып, мені патшаға жолықтыр деп тілек етті.
— He жұмысың бар? — деді олар.
— Патшаға сый алып келемін, — деді мұжық.
Жасауыл айтты:
— Патша саған не сый берсе, жартысын маған бер, болмаса жолықтырмаймын.
Мұжық бұған разы болды.
Мұнан соң, мұжықты патшаға алып келісті. Патша тасын алып, мұжыққа алда разы болсын айтып, мың теңге беріп еді, мұжық аяғына жығылып:
— Тақсыр, мың теңгені алмаймын арқама елу шыбық салдырыңыз, — деді.
Патша бір мағнасы бар шығар деп, жасауылына бұйырды — ақырын ғана мұның арқасына елу шыбық соқ деп. Жиырма бес шыбығын салып болғанда, мұжық айтты:
— Енді маған болар, қалғанын бәлен жасауылға салдырыңыз, алған сыйымның жартысын не де болса соған бермекші едім. Бұл жасауылды шақыртып, оған келістіріп жиырма бес шыбық ұрдырды. Сонан соң, бұл айласына разы болып, мұжыққа патша екі мың теңге бергізді дейді.