Jump to content

Жас ағаш

From Wikisource

Ахмет Байтұрсынұлы

Орманға балтасымен келді Мұжық,
Аралап ағаш таңдап жүрді кезіп.
«Апырмай, аман қалсақ жарар ед», - деп,
Жанынан көрген Ағаш тұрды безіп.
Мұжыққа бір жас Ағаш айтады сөз:
«Құдайдан тілеуші едім келтір деп кез.
Мың да бір алғыс саған берер едім,
Осы үлкен Ағаштардан құтқарсаң тез.
Тынышыма бұлар мені өсірмейді,
Тасалап, күннің көзін түсірмейді.
Осылар тұрғаннан соң, жер тар болып,
Еркінше тамырларым көсілмейді.
Менде жоқ бұларға айтар амал енді,
Деп тұрмын: «Құтқарушым жаңа келді!»
Қоршалап, жан-жағымнан қамап алып,
Аслан жібермейді самал желді.
Болған соң шамам келмес, өштеспедім,
Қиратып, әлім жетсе, кеспес пе едім?
Жайқалып жапырағым әлдеқашан,
Көркі боп осы араның өспес пе едім?!
Бұлайша өтер ме еді өмір текке,
Зор пайдам тимес пе еді төңірекке?
Көлеңкем кең даланың көбін жауып,
Таласып тұрмас па еді төбем көкке?!»
Ағаштың сөзін Мұжық қабыл алды,
Қиратып, бәріне де ойран салды.
Кесіліп Ағаш біткен жан-жағында,
Сорайып манағы Ағаш жалғыз қалды.
Қираған ағаштарға қарап тұрып,
Қуанды мұқатқандай жауын қырып.
Біреудің бағы бастан көшерінде,
Қас болар жақынымен, Құдай ұрып.
Айрылып жан-жағында панасынан,
Қорқады өтсе дағы құйын жүріп.
Ұрынып жаз ыстыққа, қыс суыққа,
Біресе бұршақ соғып, болды құрып!
Ол қанша пайда тапты жалғыз тұрып,
Өзгенің әлек етіп бәрін қырып?
Ағашта қурап тұрған әл болсын ба,
Кетіп ед дауыл соғып, қалды сынып.
Сонда оған сынып жатқан
Жылан келді: «Өзіңе бөле тілеп алдың, - деді.
- Қорғаушы жаныңдағы ағаштардың
Кінәсіз бәріне ылаң салдың, - деді. -
Панаңды күннен, желден қорғап тұрған
Қырғызып, өзің жалғыз қалдың, - деді. -
Алланың арам пейіл сүймес құлы,
Отыңа өзің жаққан жандың», - деді.
Жігіттер, жақыныңмен болмаңдар қас,
Қас болған жақынымен ақырда оңбас.
Ағайын бірі - пана, бірі - қару,
Кісіге жеке-саяқ бақыт қонбас.
Кей ақымақ әлек етер жақындарын,
Аямай жұмсап күш пен ақылдарын.
Жау түгіл, иттен бойын қорғай алмай,
Қаптырар ақырында тақымдарын.