Jump to content

Жаман жолдас

From Wikisource

Ыбырай Алтынсарин

Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт, аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты: есітуі бар еді, аю өлген кісіге тимейді деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты:
— Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті?
Ауру айтты деді:
— Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді, — дейді.