Jump to content

Білімдіден шыққан сөз

From Wikisource

Абай Құнанбайұлы

Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз.

Жүрегі - айна, көңілі - ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?

Әбілет басқан елерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме,
Түзелмесін білген ез?

«Айтшы айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Жас баладай жеңісқой,
Байлаулы емес ақыл, ой.
Ойлағаны - айт пен той,
Ыржың-қылжаң ит мінез.

Сұлу қыз бен я батыр
Болмаған соң, тәңірі алғыр,
Шығып кетер, я қалғыр,
Оған ақыл - арам без.

Жақсыға айтсаң, жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Дертті ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.

«Ой, тәңір айшыл» кер есек,
Қулық, сұмдық не өсек
Болмаған соң, бір есеп -
Мейлі қамқа, мейлі бөз.