Бар адамзатқа ортақ үлес

From Wikisource
Jump to navigation Jump to search
(О. Генридің новелласы, аударған Ерден Еркебекұлы Қарсыбеков)

Терезеден тез кіріп алған тонаушы жан-жағына көзін жүгірте қойып, бір орнында тұрып қалды. Себебі өз-өзін сыйлайтын әрбір тонаушы қол сұғардан бұрын, алдымен көзіне үйренуге уақыт береді.

Тонаушы осы жеке үйдің иелері туралы пікір қалыптастырып үлгерген еді. Шегеленген алдыңғы есік пен күтімсіз өскен Бостон шырмауығын[1] байқаған ол, әртүрлі жорамал құрып, мына үйге қарайтын әйел қазір мұхит жағалауында демалып жүр-ау деп, бір жанашыр, теңіз кепкесін киген жас адаммен танысып алып, оған өзінің сезімтал, жалғызсыраған жүрегінің сырларын ашып жатқанын көзіне елестетті. Ал үшінші қабаттағы терезелердің жарығына қарап, тонаушы кешкілік әдеттерді ескере отырып, отағасы үйге жаңа оралған-ау және жуырда жарығы сөніп, ұйқыға бөленер, деп ойша бағамдаған. Иә, табиғатта да, жан бойында да күз орнай бастағанда, өнегелі жұрт мейрамханаларды және хатшы қыздарды бос әуре деп танып, өткінші әбігерден қорғайтын әдептілік пен инабаттылыққа салынып, заңды әйелдерінің оралуын тілеп отырады.

Тонаушы темекісін тұтатып жіберді. Сіріңкенің жарығында оның келбеті бір сәтке болса да көрініп шықты. Бұл тонаушылардың үшінші түрінің өкілі еді. Ондайлар көпшілікке әлі жақсы танылмаған болатын. Полиция бізді тек бірінші екі түрімен таныстырып қойған. Олардың айырмалық белгісі өте оңай есте сақталады — ол жағаның болу-болмауына байланысты.

Егер ұсталған тонаушының үстінде жағасы жоқ киім-кешек болса, онда бұл ең төменгі сатыға дейін азғындап түскен сұмырайдың болғаны. Бұл әлдеқашан шерифтің қолкісенін ұрлап, қамаудан құтылған ұр да жық қылмыскер болса керек деп, бәрі одан күдіктене бастайды.

Тонаушылардың жақсы таныс тағы бір түрі жағасы бар киіммен жүреді. Күн жарықта өзін нағыз джентльмендей ұстап, костюмін шешпей ланч ішеді, ал кешке қарай өзінің негізгі ерсі кәсібіне көшеді. Ондайдың шешесі Оушен Гроувтегі[2] аса бай әрі құрметті тұрғындардың арасынан табылады. Ұсталған жағдайда, ол камерасына ең алдымен тырнаққа арналған егеуішті және «Полицейлік газетті» әкелуді сұрайды. Штаттар мен Территориялардың[3] әрқайсысынан оның бір-бір әйелі табылады, және бұл әйелдердің тағдыры туралы газеттер ынтыға жазып, суреті ретінде мұрағаттан алынған әлдебір науқас келіншектердің емделіп шыққаннан кейінгі суреттерін пайдалана салады.

Біздің тонаушымыздың үстінде көк свитер болған. Ол джентльмен де, Хеллз Китчен[4] аймағының бұзығы да емес еді. Полиция ондай салмақты әрі қарапайым, өз орнын таба білетін тонаушы туралы естіп көрмеген және бұның қай түрге жатқызылатынын білмеген де шығар.

Үшінші типтік тонаушымыз үй ішіне қадамын ақырын басты. Оның бетпердесі де, қалта шамы да болған жоқ, аяқ киімінің табанында каучук та болмады. Ол қалтасында револьверін ғана ұстап, сағызын ойлана жүріп шайнаған.

Үйдің жиһазы тысталған қалпында тұрған. Күміс бұйымдар көрінетін жерден алыс тығылып, темірсандықта сақтаулы болған. Бүгінгі олжаның аса құнды болмайтыны анық болды. Тонаушы үй иесінің қараңғылау бөлмесіне беттеді. Қазір ол кісі қатты ұйқыда болуы тиіс, себебі жалғыздық жүгінен иіліп қалмас үшін күні бойы өз құмарлықтарын қандырумен болған шығар. Ия, адал, заңды табысты осы жерден «сипап» іздеу керек еді. Бос жатқан ақша, сағат немесе асыл таспен безендірілген түйреуіш бола берсін, тонаушы шектен тыс, таңғалдырарлық ешнәрсеге үміттенбеген еді. Ашық болған терезені көргеннен соң, ол осы жерде өз бағын сынап көргісі келді.

Бөлмедегі газ шамының жарығы өте бәсең болған. Еш үн шығармай тонаушы есікті ашты. Отағасы төсекте ұйықтап жатты. Үстелшеде оралып қалған бірнеше доллар, сағат пен кілт, үш покер дөңгелегі, езілген сигарлар, қызғылт түсті шаш қыстырғышы шашылып жатқан. Қасында таңертеңгіге қалдырылған жаңа бромозельцер дәрісі тұрды.

Тонаушы үстелше жаққа қимылдай бастағанда, ұйықтаған кісі кенеттен ыңқылдап, көзін аша қалды.

— Қимылдамай жат, — деді тонаушы сабырлы сарынмен. Үшінші типтегілерде тістеніп сөйлеу деген жоқ еді. Үй иесі өзіне бағытталған револьвердің аузына қарап, еш қимылсыз жатты.

— Енді қолыңды көтер, — деп тонаушы бұйрық тастады.

Төсекте жатқан адамның қылау түскен қоңырша, үшкірлеу сақалы болған, мұндай дантистерде жиі кездеседі. Өзі тұлғалы, сыйлы, бірақ ашуқор адамның әсерін қалдырды. Ол орнынан тұрыңқырап, оң қолын көтерді.

— Екінші қолыңды да көтер, — деді тонаушы. — Мүмкін екі қолыңмен де ата алатын шығарсың. Екіге дейін санай аласың ғой? Тездет.

— Оны көтере алмаймын, — деді үй иесі бұзылған бет-аузымен.

— Не себеппен?

— Сол иығымды ревматизм ұстап қалды.

— Өткір ревматизм ба?

— Қазір өткір емес, созылмалы ревматизмге айналды. — Тонаушы қаруын науқасқа көздеп ұстаған қалыпта тұрып қалды. Ол үстелшедегі ұсақ-түйекке бір қарап, сосын абыржыған кейіппен төсектегі адамға қайтадан қарады. Осы кезде оның да бет-аузы бұзылып қалды.

— Ондай қисайғанды қойыңыз, — деп үй иесі шаңқылдай қалды. — Тонауға келсеңіз, неге тонамайсыз? Әне заттарым жатыр.

— Кешірім сұраймын, — деді тонаушы, бір жымиып, — мені де сол індет шаншып алды. Бағыңа орай, мен ревматизммен бұрыннан дос болып алдым. Менің де сол қолым ауырады. Тұқылыңды көтермей қойғанда, мен болмаса, басқа біреу саған оғын аямас еді.

— Ауырғанға көп болды ма? — деп сұрады үй иесі.

— Төрт жылдай болды. Енді одан құтылмаспын. Бұл ауру бір жұқса, өмірлік серігің болып кетеді.

— Сылдырмақты жылан майын ішіп көргеніңіз бар ма?

— Шелектеп ішкем. Маған жұмсалған жыланның бәрін бір тізбектесе, олар Марсқа дейін жетер еді, ал олардың сылдыры Миссисипи бойында да естілер еді.

— Біреулер Чизелюм дәрілерін ішуге кеңес береді, — деді үй иесі.

— Бос сандырақ! — деп жауап берді тонаушы. — Оны бес ай бойы іштім, түк көмектеспеді. Ал Финкельхэм сығындысын ішіп, Галаад шипамайын қолыма жағып жүрген кезімде ауырғаным сәл басылған еді. Бірақ сол жылы мен қалтамда үнемі ат тағасын да ұстап жүргем, негізгі әсерін сол тигізген болар.

— Мазаңыз көбірек кететін кез қашан, таң атқанда ма, түнде ме?

— Түнде ғой, нағыз жұмыс басталғанда. Сен қолыңды түсіре берсеш, отыра бересің бе солай? Бликерстаф қан тазалағышы туралы не айтасың?

— Ішіп көргенім жоқ. Ал сізді ауру анда-санда шаншып ала ма, әлде ол үнемі сыздап тұра ма?

Тонаушы төсектің аяқ жағына отырып, қаруын тізесіне қойып ұстай берді.

— Толқындап келеді, — деді ол. — Күтпегенде бір шайып алады. Жоғарғы қабаттарда жұмыс істеуден бас тартуға мәжбүр болдым, себебі жарты жолда бірнеше рет қатты ұстап қалған. Мен былай айтайын — малғұн дәрігерлер мына ауруға не істеу болатынын мүлдем білмейді.

— Келісемін. Мен мыңдаған долларды жұмсап, еш нәтижеге жетпедім. Ал сіздікі іси ма?

— Азанда ісіп кетеді. Ал жаңбыр жауар алдында — құдай сақтасын!

— Менде де сол, — деді үй иесі. — Кішігірім бұлттың өзі Флоридада түзеліп, Нью-Йоркке қарай қалқи бастаса, қолым бірден қақсап кетеді. Ал көрші театрда көрермендерді жылатып қоятын мелодрама қойылса, сол жағым дірілдей бастайды.

— Иә, тозаққа түскендей боласың, — деді тонаушы.

— Дәл солай, — деп күрсінді үй иесі.

Тонаушы револьверіне қарап алды да, ыңғайсыздана қалтасына тығып жіберді.

— Бауырым, — деді ол қысылып, — оподельдок туралы естуің бар ма?

— Құр былжырақ! Теріге сары майды жаққанмен бірдей.

— Дұрыс айтасың. Кішкентай қыздарға ғана жарайтын дәрі. Бұл нашар жағдайымызға көмектесер жалғыз ғана дауа бар, а? Баяғы көңіл көтеретін, бой қыздыратын ішімдік. Жұмысым үшін реніш болмасын. Киініп алсаң, тезірек барға барайық. Жөнсіздігімді кешірерсің, бірақ... ай-ай! Тағы да ұстап алды!

— Мен біреудің көмегінсіз киіне алмаймын, осындай жағдайыма бір аптадай болды. — деді үй иесі. — Томас жатып қалған шығар, сондықтан...

— Ештеңе етпейді. Маған сүйене бер, — деді тонаушы.

Осы кезде үй иесі өзінің шағын сақалын сипап, ар-ұят ережелерін есіне түсіре бастады.

— Бұл ыңғайсыз екен, — деп бастады ол.

— Міні көйлегің, — деп жауап берді тонаушы. — Менің бір танысым Омберри шипамайын мақтайды, оны екі аптадай ішіп, қазір киінгенде барлық түймелерін өзі салады екен.

Екеуі астыға түсіп, табалдырықтан аттар алдында, үй иесі бұрылып қалып, бөлмесіне қарай ұмтылды.

— Ақшамды үстелшеде қалдырып қойыппын, — деп түсіндіре бастады ол.

Тонаушы оны оң жеңінен ұстап, қатайған түрімен айтты:

— Жарайды енді, қоя сал, мен шақырып тұрмын ғой. Сен осы ғажайып жаңғақтарынан да дәрі жасалатынын біліп пе ең?

Түсініктемелер[edit]

  1. Жүзім тұқымдас өсімдік, безендіру мақсатында өсіріледі
  2. Нью-Йоркқа жақын орналасқан шағын қала
  3. Америка Құрама Штаттарына енуге дайын болған жерлер
  4. Нью-Йорк қаласының бір аймағы