Jump to content

Балқаш қаласы — Қ. Мырза Әлі

From Wikisource

Бір жағы — айдын,
Бір жағы — татыр дала.
(Шөл мен көлден туады батыр ғана).
Сыйлы басын биіктеу қырға қойып,
Суға малып аяғын жатыр қала.

Енді қайтіп кенді өлке тоналады?!
Өрге тасы Еңбектің домалады.
Завод болып жас шаһар жұмыс істеп,
Адам болып әдемі дем алады.

Тоғай-парк қашанда өңір құты.
Тұрар сонда жастарды өмір күтіп.
Еміздіктей сәбидің аузындағы
Әрбір талдың түбінде темір түтік.

Тақырыпта мен де бір арал аштым.
Қайда кеткен баяғы жалаңаш тың?!
Куәлігі бар мұнда бала талдың,
Паспорты бар ересек әр ағаштың.

Сұлуырақ бүгіні кешесінен,
Сүреді өмір Болашақ есесінен.
Бөлмесіндей қыздардың жып-жинақы,
Шашау нәрсе таппайсың көшесінен.

Кәрі-жасы мәз емес тойғанына,
Әлдеқандай жақындау ой қамына:
Шөл секілді
Сусамыр өлең-жырға,
Көл секілді
Көл-көсір мейманына.

Тұрғандай-ақ өзіңді танып ана,
Құшағына қысады,
Сағына ма?!
Шаһар Балқаш — шөл менен көл перзенті
Қаны — қала болғанмен,
Жаны — дала.