Ақымақ дос
Бір мырза орманнан бір аю баласын ұстап алып, үйіне алып келіп, сонша жақсы күтіп асырапты. Бір күндерде мырза қатты ауырып, бір айдай төсектен тұрмай жатып, сол уақытта аюды да қараған кісі болмай, бұл да қатты жүдеп зарығыпты. Аурудан азғана тәуір болған соң, мырза бір күні далада, есік алдына отырып, күннің жылысымен маужырап қалғиды, бірақ маңдайына, бетіне шыбын қонып, шыдатпайды. Соның бәрінде манағы аю көріп отыр екен, мырзаға тыныштық бермегені үшін шыбынға қатты кейіді. Сөйтіп, аю ыза бола тұра жұлқып кеткенде шынжыры үзіліп кетіп, жүгіріп барды да, мырзаның бетіне табанымен салып келіп кеткенде, мырза қалпақтай ұшып, сол жерде-ақ жан тапсырды дейді.
Бұл іс Дауыт пайғамбардың заманында болған екен. Аюды халық пайғамбарға сүйретіп алып барды, бұған қалайынша жаза береміз деп.
Әзірет Дауыт аюдан сұрады:
— He себептен қожаңды өлтірдің?
Аю жылап айтты дейді:
— Қожам мені баласындай күтіп, асыраушы еді, ол ауырған уақытта мені күткен кісі болмай, қожамның жазылуын тілеп зарықтым. Бүгін сол аурудан тәуірірек болып, қожамның далаға шыққанына қуанып қарап тұрғанымда, мырза есік алдына отырып, қалғыйын деп еді, шыбындар тыныштық бермеді; соған ашуым келіп ұрғанымда қожам, не себептен екенін білмедім, өліп қалды. Мен қожама қастық ойламадым, шыбынды қырайын деп едім, — деді.