Альбомға
Appearance
Абай Құнанбайұлы
Сал демеймін сөзіме ықыласыңды,
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше,
Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?
Кім біледі, кез болса арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
«Рас ау» деп мағынасын о дағы ұғар.
Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім
Жібермей, көп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен
Сықылды өткен жанның бір күмбезін.