Алтын таңның ұлымын

From Wikisource
Jump to navigation Jump to search

Таңнан туған тарихи,
Ту көтере табыстан,
Жағаласқан жау болса,
Найзасына шанышқан;
Алтын таңның ұлымын
Даңқына жер қайысқан.

Кескінінде, көзінде
Бір ғасырдың сыры бар,
Аузында айтылған
Алтын таңның жыры бар,
Сәулесіне нұрының
Таң шолпаны жуынар,
Ардақты елдің ұлымын
Қолында жеңіс туы бар.

Күміс толқын күлкісі
Күннен туған баламын.
Алтын тулы алпыс ұлт
Пірден туған баламын.
Табыс туған тарихи
Таң шыңына қададым.
Сірә, менің алмайтын
Болар ма екен қамалым!

Ел шетіне жау төнсе,
Найзаменен қағамын,
Шендесіп жау шекіссе,
Шертіп миын шағамын,
Жеңіс туы жеңгенше
Жер мен көктің алабын,
Алтын тулы ғасырдың
Барабанын қағамын.