Абыралыға
Appearance
Абай Құнанбайұлы
Мен жасымнан көп көрдім
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін[1] оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді[2].
Намазшамның[3] артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық[4] берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы –
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкәусар»[5],
Пашол дереу, күнәкар
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар».
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.
Ескертпелер
[edit]- ↑ Қираәт (арабша) – оқу, құран оқу.
- ↑ Нәпіл (арабша) – міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз.
- ↑ Намазшам (парсыша) – күн бата оқылатын намаз. Шам – кешкі, кеш.
- ↑ Жер ұшық – ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау.
- ↑ «Еннатайына кәлкәусар» - шынында да құрметің, сыйың кәусар суындай.