Ағыстың астыменен Әмірхандар,
Аялдап аттан түсті жетіп соған.
Сол күні қонақ келіп бағлан сойып,
Құдияр жемпаз мұндар етке тойып.
Қор етті төсегіне жата сала,
Алаңсыз ұйқысына көңіл қойып.
Сіркіреп жаңбыр жауды жайлап қана,
Қойшылар бұйығысты іздеп пана.
Таң таяу шырт ұйқыда жұрттың бәрі,
Сақтанып Ақбөпе ояу жалғыз ғана.
Мезгілсіз неге жауды жаңбыр бұлай,
Жас сұлу зар шеге ме, жылай-жылай.
Немесе төгілетін қанымекен,
Оятқан топрақты әлдеқалай!..
Тастады шаштан шешіп, шолпы қалды,
Құдиярдың сырт киімін буып алды.
Ақырын сыптай болып тысқа шығып,
Әуелі жан-жағына көзін салды.
Кескестеп құйрық былғап Құтжол келді,
Оятамын дегендей барлық елді.
Бір сыйпап маңдайынан тағы тыңдап,
Сайменен бетіне алды арғы белді.
Алқынып аузына кеп жүрек ұрад,
Қараңдап шоқы біткен куә болад.
Қолына сынған құрық түбін ұстап,
Біресе сұм Құдияр жетіп қалад.
Қайдасын, келінің кетті Ақажан деп,
Моладан аруақтар айқай салад.
Әмірхан көз алдына елестейді,
Жетем деп енді қазір қайраттанад.
49