Малының түгін тартсаң майы шығып,
Арығын ай мінбесе, жығад тулап.
Шілдеде тоқты шайлап, қойға ере алмай,
Жылқысын түтігер деп қояд сулап.
Ақкөл мен Жалаулының жері осындай,
Сонда да қырылысад - жерге сыймай.
Жайлымнан асқан жерді шабыным деп,
Қағатын қарашыны ақырып бай.
Жеті ру, жетпісата Қанжығалы,
Бақ талас бақа-шаян андымалы.
Ескене тентек өзі екі жар боп,
Жосыйтын барымтаға кейде малы.
Ол елдің ең белдісі болыс Кәрібай,
Ал десе жан қалмайды салып айғай.
Тыйса айып, өлсе құнсыз басқасына,
Халқына аймағымен зәрі сондай.
Не керек қайраты жоқ қолдан келер,
Қонысысы құл секілді дөңгеленер,
Отызда ойнақтаған бозбала әлі,
Дейтін жұрт күн бар ма екен өлім-берер...
XII
Көп қыстау баяғы айтқан жаман сорда,
Ежелден ел қыстаған ескі қорда.
Бүгін кеш аттанғалы Ақбөпеге,
Күтініп алпыс жігіт жатыр сонда.
Таңдама жігіттері алпыс адам,
Баспады көзге түсіп күндіз қадам.
Жан-жақты қарауылдап аңдып бағып,
Он жігіт атқа мінді кешке таман.