Өнерін Әмірханның көрген жастар,
Сыпаттап Ақбөпеге айтып берген.
Кездесті міне бүгін сәті түсіп,
Етене болмаса да, елжіресіп.
Еститін Ақбөпені Әмірхан да,
Дариға-ай, көрсем дейтін бір бас қосып.
Жалын ғой, алып ұшса жастың жаны,
Сүйдіру, сүюменен ойлағаны.
Ақылын әртарапқа алып қашып,
Тағатсыз тасымай ма ыстық қаны.
Арман қып жырламай ма махаббатты,
Өзі ұзақ, тойдырмайтын болса тәтті.
Жалғыз-ақ махаббатты танымайтын,
Мейрімсіз жандар жоқ па тастан қатты.
Несі екен жасында олар сүймеді ме,
Жалындап жар отына күймеді ме.
Еш болып мехнатпен өткен күндер,
Япырмау мандайына тимеді ме?..
Қозғалды жігіттерден ойын бастау,
Желіккен жеңгелерді болып қостау...
Бар еді аздап өлең айтатындар.
Бұ жолы қыйын болды домбыра ұстау.
Жол жорға жүрексініп отыр бәрі,
Пайда жоқ зорлағанмен бұдан әрі.
Ауылдың алты ауызын өзің баста,
Қайтпайтын тау мен тастан жүйрік кәрі.
Деп біреу домбыраны қолына алды,
Отырған қыз, бозбала қарай қалды.
Қолына домбыраның тиюі екен,
Қазбекбай ай-түйі жоқ айғай салды.
15