This page has been validated.
Интернатта оқып жүр
Интернатта[1] оқып жүр
Талай қазақ баласы,
Жаңа өспірім, көк өрім,
Бейне қолдың саласы.
«Балам закон білді» деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа[2] шаласы.
Орыс тілі, жазуы,
Білсем деген таласы.
Прошение[3] жазуға
Тырысар келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы.
«Нан таппаймыз» демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Ежтиһатсыз[4], михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды,
«Жаман бол» деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар,
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.