Надандық/Б

From Wikisource
Jump to navigation Jump to search

Бір ноғай түн ортасында үйінен жалаңаяқ, жалаңбас қашып шығып, оны көрген соң қатын-баласы да үркіп үйін тастай қашып, үздік-создық көршісінің үйіне барып тығылыпты. Көршісі:
— Мұның не? — депті.
Демін алып, ноғай біраздан соң жауап берді:
— Үйімді көптен бері жын-шайтан аралап жүр еді, күнде жатып қалсам, шайтандар үйімнің төбесінде жыйылысып ойын салып, тасырлатып жүруші еді. Соларды қашыру үшін неше рет молдалар жидырып, дуа оқытып, көп пұлым шықты. Бүгін түнде тағы да бұрынғы қалпынша, тасырлатып жүрген соң, ұйқтай алмай жатыр едім, бір мезгілде шайтанның біреуі тарс еткізіп үйдің төбесін сындырып, маған карай қарғыды, мен жалтарып қалып, бір жағымен қашып шықтым. Апыр-ай, шайтанның мүйізі де болады екен ғой, қашып бара жатқанда, қолым мүйізіне тиіп еді, — деді.
Көршісі есті кісі екен, қане шайтаныңды біз де көрелік деп, қолына фонарь алып, үш-төрт кісі ертіп, ноғайдың үйіне келді. Қараса, үйінің тебесін жұқа қамыспен тоқып сылаған екен, ортасы қулап түсіпті және қарап жүргенде, бұрышта бір ешкі жайына күйсеп жатыр. Бітегене тұрған соң, үй төбесінде маңыраған лақтардың дауысы шықты. Мұны есітіп ешкі де түрегеліп маңырады. Соның артынша лақтар манағы құлаған жерден секіріп түсіп, енесіне қосылысыпты. Қараса, лақты ешкілер көршінің өзінікі екен, түнде үйдің төбесіне үйілген шөпке келіп жеп, ойын салуды әдет етіп жүріп, манағы үй төбесінің жұқа жерінен құлап түскен екен.